Ақтауда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі өңірлік филиалының кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Звира Есбергенова, қоғам қайраткерi, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесi Бектұр Төлеуғалиев, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Адай, «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аят Сүгірбай, мемлекеттік мекеме басшылары, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің филолог ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, мектеп педагогтері, жұмыс тобы, мен БАҚ-өкілдері қатысты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді. Мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», деген болатын. Бұл бағытта өңірдегі атқарушы органдардың өкілдері тіл жанашырларымен тығыз байланыс орнатып, жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Барлық аудандар мен қалаларда сыртқы көрнекі ақпарат құралдары мен сыртқы жарнама мәтіндерінің сауатты жазылуы мен орналасуына зерделеу жүргізіліп, әдістемелік көмек беріліп отыр. Осы мақсатта жыл басынан бері 177 қоғамдық орынға 14 мәрте зерделеу жүргізілді. Нәтижесінде көрнекі ақпараты қате ресімделген 126 кәсіпкерлік субъектісіне әдістемелік көмек көрсетіліп, кемшіліктер түзетілді. Тіл тазалығы үшін күрес, сөз мәдениетін үлгілеу тек тіл саласы мамандарының мойнына артылған міндет емес, бұл барша азаматтардың ортақ парызы деп білемін. Әсіресе, осы бағытта халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жауапкершілік жүгі зор деген ойдамын,- деді Звира Есбергенова.
Сонымен қатар, жиын барысында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» МОФ-ның төрағасы Наурызбек Көлдеубаев «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі туралы айтып өтті.
- Биыл 21 шілде күні Астана қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс құрылтайында, қазақ тілінің қолдану аясын одан әрі кеңейту және білім беру саласындағы қазақ тілін оқыту сапасы, оқу сауаттылығын көтеру, қазақ тілінің кәсіпкерліктегі, ақпараттық технологиялардағы қолданыс аясын кеңейту, көпшілікке, соның ішінде балаларға қажетті қазақ тілді мазмұнды арттыру, тілді үйренуге ортаға арналған көпшілік жобалар, қазақ тіліндегі мазмұнды, цифрлы форматқа көшіру, мәселелеріне ерекше ден қоя отырып, ғалымдар, қоғам мүшелері, тіл жанашырларымен жұмыс істелетіні туралы айтылды. Аталған міндеттерді іске асыруға қажетті ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық және ақпараттық шаралар мен жобалар кешені дайындалу үстінде. «Қазақ тілі» қоғамы – тіл тақырыбынан да бөлек, қоғамдық сананы жаңғырту, ұлттық мүдде мәселелері бойынша да ауқымды істер атқарды. «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы 2022 жылдың 17 ақпан күні жергілікті Әділет департаментінен тіркеуден өтіп, қоғамының Жарғысы мен Ережесіне сәйкес өз жұмыстарын жүргізіп келеді», - деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» МОФ-ның төрағасы Наурызбек Көлдеубаев.
Сондай-ақ, жиын барысында қоғамның аудан, қала бойынша «Қазақ тілі» қоғамы төрағаларының жұмыс есептері тыңдалды. Жиында жергілікті атқарушы органдардың ықпал ету шараларының арқасында, қазіргі күні Ақтау қаласындағы ірі азық-түлік орталықтарында, супермаркет желілерінде тауар туралы ақпараттарды қазақ тіліне аудару жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Облыстық музыкалық драма театры қойылымдарының 95%-ы, 8 басылымның жетеуі қазақ тілінде екені мәлім болды. Облыстық телеарна бағдарламаларының да 90 пайызы қазақ тілінде жүргізіліп келеді. Жыл сайын облыстың барлық ұйымдары мен мекемелерінде Қазақстан халқы тілдері күніне 400-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдері, 5 қыркүйек- Тіл мерекесіне орай ұйымдастырылған байқаулардың жеңімпаздары туралы «Qazaqstan» ұлттық арнасында, жергілікті «Mangystau» арнасы, «Маңғыстау», «Огни Мангистау» газеттеріне 30-ға жуық материал жарияланған.
- Мемлекет басшысы «Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді»,- деген болатын. Кеңейтілген отырыста біраз ойлар қозғалып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Алдағы уақытта «Қазақ тілі» қоғамы ұсынған ұсыныстар бойынша жұмыс істейтінін туралы жеткізді. Әр адам үшін баға жетпес ұлттық құндылықтарының бірі – ана тілі. Туған тілдің қадір-қасиетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес,-деді Наурызбек Көлдеубай.
Жиын соңында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына атсалысып жүрген және жұмыс тобының бірқатар азаматтары облыс әкімі Н. Ноғаевтың алғыс хатымен және «Ақтау қаласына 60 жыл» мерекелік медалімен, Ақтау қаласының дамуына қосқан үлесі үшін Сабыр Адай, Алқажан Еділхан, Нияз Тобыш, Әнуарбек Елжанов, Әбілқайыр Байпақов, Наурызбек Көлдаубаев марапатталды.