Ақтауда теңіз жағалауын балдырлардан, лайдан, тастардан және ірі қоқыстардан тазалау жұмыстары басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда тазалық жұмыстары 1В шағын аудан «Дискай» жағажайында жүріп жатыр. Мердігер компания теңіз жағалауын тазалау жұмыстарын арнайы бекітілген кестеге сәйкес жүргізуде. Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Айдар Бисеновтың айтуынша, тазалық жұмыстары 30 шақырымға жуық аумақты қамтиды.
-Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау мақсатында «Самал» 15-шағын ауданнан бастап «Жылы жағажай» «Аққу» лагеріне дейін теңіз жағалауын тазалау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, мердігер компания қызметкерлері теңіз жағалауын балдырлардан, лайдан, тастардан және ірі қоқыстардан тазалайды. Жасалатын жұмыстар 30 шақырымға жуық аумақты қамтиды. Тазалық жұмыстары отыз күн бойы жүргізіледі, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Айдар Бисенов.
Тазалық жұмыстарына қатысты қала тұрғындары өз пікірін білдірді.
-Біздің қаламызға жаз мезгілінде келетін қонақтар көп. Барлығы теңізге шомылуға келеді. Теңіз жағалауын тазалағандары дұрыс болды. Теңіз жағалауын түгел тазалап шықса екен дейміз, - деді Ақтау қаласының тұрғыны Талғат Есқаев.