Қазір Ақтауда желіні қайта жаңғырту бойынша 18 жоба іске асып жатыр. Сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта жаңғыртуға 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Біз жобаларды 1 шағынауданнан 6 шағынауданға дейін және 7-ден 24 шағынауданға дейін бөлдік. Аталған шағынауданда 18 жоба бойынша желілерді қайта жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Жоба қазіргі таңда іске асып жатыр. Жұмысты бастауға 5,1 млрд теңге бөлінді. Аяқталуы толық қаржыландыруға байланысты. Жобаның жалпы құны 23 миллиард теңге болса, биыл соның 10 миллиард теңгеге жобалар жоспарланған. Қаржыландырудың 90 %-ы республикалық бюджет, ал қалған 10 %-ы жергілікті бюджет. 1 мен 6 шағынаудан аралығында 40 шақырымға жуық су құбыры және кәріз желілерін қайта жаңғырту жоспарлануда», - дейді Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапин.
Жылу желілері бойынша жоба 5 учаскеге бөлінген. Оның ішінде үшеуінде (3 а, 3 б шағынаудандары және медициналық қалашық) жұмыс жүргізілуде. Мұнда 10,2 шақырымды қайта құру жоспарланған. Ал кейбір жерде қаржының болмауына байланысты жұмыс тоқтатылды.