Жуырда ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
– Республикалық референдум өтті, осылайша Конституцияға енгізілген көп өзгерістердің нәтижесінде қабылданған, пысықталған, жаңадан әзірленген заңдардың басым бөлігі 17 қараша күні өз күшіне енеді. Оның ішінде 20 қараша күні сайланатын президент бір рет және 7 жылға сайланатыны айқындалды. Жуырда ғана телеарналардан президенттікке үміткерлердің ашық пікірталасы өтті. Үміткерлер заң аясындағы өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын 18 қараша күн аяқталғанша жүргізеді, 19 қараша – тыныштық күні. Орталық сайлау комиссиясының жеті мүшесі бар. Комиссия мүшелері Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, сайлау науқанының барысын бақылап, дайындық жұмыстарын қарап, кездесулер өткізіп келеді, - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев аймақтағы электоралдық кезеңге дайындық барысын баяндады.
– Облыста 243 учаскелік және 8 аумақтық сайлау комиссиясы тіркелген. Комиссия мүшелерінің жалпы саны – 1 765 адам. Сайлау комиссиялары мүшелерінің 98,54%-ның сайлау өткізуде тәжірибесі бар. Биыл қазан айында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалының базасында сайлау комиссияларының мүшелерінен 300 адам оқытылды. Сайлау процесіне тікелей қатысатын және ұйымдастыруға жауапты облыс, қала, аудан әкімдері мен облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысының сайлау өткізуде тәжірибесі бар, - деп атап өтті Ұ.Тналиев.
Жиында сайлау процесі бойынша заңнамалардың сақталуы жөнінде Маңғыстау облысының прокуроры Руфат Құттықов мәлімет берді. Оның айтуынша, сайлау науқанындағы үгіт-насихат заң аясында жүргізіліп жатыр, облыста сайлау заңнамаларының бұзылу фактілері болмаған.
Семинар соңында сұрақ-жауапқа уақыт берілді. Сондай-ақ орталық сайлау комиссиясының өкілдері аймақтағы учаскелік сайлау комиссияларын аралап, дайындықтарын қарады.
Жайық НАҒЫМАШ