Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойы аясында Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Халық жүрегіндегі қаһарман» көрмесі ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ашылу салтанатына жергілікті билік органдарының өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, офицерлер, сержанттар, Ақтау гарнизоны әскери бөлімдерінде борышын өтеп жүрген сарбаздар және әскери қызметшілердің отбасы мүшелері қатысты.
ҚР Қарулы күштері Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің бастығы Ләззат Әлжан көрменің тәрбиелік маңызы зор екенін, сондай-ақ Қазақстан Қарулы күштерінің имиджін нығайтуға және мұражай ісін танымал етуге ықпал ететінін атап өтті.
– Көрменің басты мақсаты – көпшіліктің шынайы тарихи ақпаратқа қолжеткізуі. Мұнда келгендер өткенге көз жүгіртіп, оны қазіргі заманның көзқарасымен бағамдай алады, – деді Ләззат Әлжан.
Көрмеде Сағадат Нұрмағамбетовтің жеке заттары, әскери киімдері, құжаттары мен марапаттары, сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыс, соғыстан кейінгі кезең мен жаңа дәуірдің бірегей фотосуреттері қойылған. Жәдігерлер мұражайға келушілерге уақыт рухын сезінуге және өз Отанына деген батылдық пен адалдықтың символына айналған батырдың ерлігін ұғынуға мүмкіндік беретін тарих пен бүгіннің арасындағы алтын көпір десе болады.
Көрмеде тарихтан тағылым алып, бірегей экспонаттарды көріп, көрнекті генерал әрі Отан қорғаушының жауынгерлік жолы туралы біле аласыздар.