Ақтауда өткен қоғамдық тыңдауға қатысушылар нашақорлыққа қарсы күрес мәселелерін талқылап, оның жаңа әдістері мен тәсілдерін табуға тырысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жиынның негізгі мақсаты – өңірдегі нашақорлықпен күресуге бағытталған іс-шараларды жандандыру, саралау және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау. Шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, облыстық мәслихаттың төрағасы Жаңбырбай Матаев, облыстық мәслихат жанындағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Пания Сармурзина, облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттары, сондай-ақ құзыретті органдардың өкілдері қатысты.
– Есірткі – қазіргі қоғамда өршіп тұрған дерт. Кейбір адамдар синтетикалық есірткіні тұтынуды арттыру үшін барлық заманауи байланыс құралын пайдаланады. Бірақ құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерді бақылап, бірқатар қылмысты ашуда. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Материалдық-техникалық база жаңартылуда. Бірақ әрбір тұрғынға полиция қызметкерін тағайындау мүмкін емес, сондықтан азаматтық қоғам, ата-ана, тұрғындардың өзі де саналы түрде күресуі қажет. Нашақорлықпен күресуде бүкіл қоғамды біріктіруіміз керек, – деді Ұлықбек Тналиев.
Жиында облыстық құқық қорғау органдарының өкілдері жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Ақтау қалалық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы Нұрбол Бақтыбайдың айтуынша, жыл басынан бері Маңғыстауда 129 есірткі қылмысы анықталған.
– Облысымызда 2022 жылмен салыстырғанда нашақорлық деңгейі төмендеп келеді. Дегенмен, онлайн есірткі саудасы өсуде. Сонымен қатар сатып алу-сату қолма-қол ақшасыз, төлем жүйесі арқылы немесе электронды ақшаны банк картасының шотына аудару арқылы орындалады, - деді Нұрбол Бақтыбай.
Жиынға облыстық наркологиялық диспансердің директоры Мәди Тоқанов қатысып, нашақорлықтың алдын алудың ұтымды әдістерін атап өтті.
– Ең алдымен жасөспірімдерге есірткіні қолданудың, оның адам ағзасына тигізетін зияны туралы мағлұмат беріп, дұрыс шешім қабылдауға дағдыландыру қажет. Сонымен қатар есірткінің заңсыз айналым схемаларын мұқият қадағалау маңызды. Отбасылық дағдарыс жасөспірімдердің мінез-құлқына әсер етеді. Сондықтан психологиялық көмек көрсетіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруы үшін қолдау көрсетуіміз қажет, - деді Мәди Тоқанов.
Жиын соңында Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаттары өңір тұрғындарына үндеу жолдады. Онда денсаулыққа, адал еңбекке, отбасындағы құрметке көңіл бөлуге шақырды.