Ақтауда «ҚР мемлекеттік рәміздеріне арналған заң талаптарын, оларға бекітілген ҚР ұлттық стандарттарын түсіндіру» тақырыбында семинар өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен шараға 90-ға жуық мемлекеттік орган, білім, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты. Семинар барысында спикерлер еліміздің мемлекеттік рәміздеріне арналған заң талаптарын, оларға бекітілген ҚР ұлттық стандарттарын түсіндірді. Сонымен қатар іс-шарада мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзғаны үшін мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жауапкершілігі сөз болды. Семинар барысында қалада орналасқан мемлекеттік мекемелерде ҚР мемлекеттік рәміздерінің дұрыс қолданылуына жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша ұсыныстар берілді.
-Семинардың мақсаты – мемлекеттік мекемелерде рәміздерді қолдану және жарамсыз істен шыққан рәміздерді мекемемелерде жою тәртібі, жауапты мамандардың жауапкершілігі туралы ақпарат беру. Іс-шара қалалық ішкі саясат бөлімінің Ақтау қаласының тұрғындарына патриоттық тәрбие беру бойынша үкіметтік емес ұйымдармен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың аясында жүзеге асырылды, - деді Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Балғожаева.