Ақтауда білім шаңырағына ұлттық нақыштағы тақия мен кәжекей киіп келіп, күллі Қазақияға үлгі болып жүрген оқушылар бар. Бұл – №19 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып оқушылары. Қазір білім ошағының бүкіл бастауыш сыныбы сабаққа ұлттық киіммен келеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазақы стилдегі киімдерді қалың көпшілікке насихаттаған білім ошағында 3500 бала оқиды. Оның 1400-ге жуығы бастауыш сыныпта білім алады. Бұл бастама ата-аналар мен бастауыш сынып ұстаздарының бір ауыздан келісуімен қолға алынған.
- Білім ошағындағы ұлттық киім күнін дәріптеу жұмыстары былтырғы жылдың қыркүйек айынан басталды. Ұлттық құндылығымызды насихаттау мақсатында мұғалімдер де, оқушылар да бірыңғай қазақы стилдегі киімдерді киюге көштік. Бұл бастаманы басқа мектептердің қолдауына да тілекшіміз. Ұлттық киім күні құтты болсын!, - деді мектеп директорының бастауыш сыныптар бойынша оқу ісі жөніндегі орынбасары Кенжегүл Берішбайқызы.
Аспан түстес тақия мен ұлттық нақыштағы ою бедерленген кәжекей киген бастауыш сынып оқушылары жыл басынан бері дәстүрлі мектеп формасын ұлттық әрі заманауи үлгідегі киімге ауыстырған. Сынып жетекшілері көтерген бастаманы ата-аналар да қолдаған.
- Бізге осы ұлттық нақыштағы мектеп формасы ұнайды. Барлығымыз бірдей киініп келіп, басқа сыныптардан ерекшеленіп тұрамыз. Ұлттық нақыштағы киім бізге ешқандай да ыңғайсыздық тудырмады. Себебі, бұл – қазақтың ұлттық киімі, - дейді сынып оқушылары.
Мектеп директорының айтуынша, қазір мектептің жоғары сынып оқушылары өздерінен кіші жеткіншектерден үлгі алып, ұлттық ою бедерленген кеудеше мен шекелік киіп жүр. Ал, ұстаздар қауымы күнделікті классикалық мектеп формасын этно үлгідегі қазақы киімге ауыстырған.
- Мектебіміздің халыққа қызмет етіп, білім беріп жатқанына биыл үшінші жыл. Біз мектебіміз ашылған жылы өз миссиямызды анықтап алдық. Ол – ұлттық құндылықтарға негізделген миссия қалыптастыру еді. Бүкіл мектеп ұжымы осы бағытта жұмыс істеп келеді. Осы мақсат негізінде бастауыш сынып мұғалімдері бастауыш сыныпта оқитын балаларға арнайы тақия мен кеудеше тіктіріп, қыздарға кәжекей кигізсек деген бастамасын қолға алды - дейді мектеп-гимназия директоры Мәдина Әбдиева.