Ақтауда 20 шілде күні 15-шағынаудандағы Амфитеатр алаңында бұқаралық спортты дамыту мақсатында Cross Fit спорт түрінен ашық турнир өтеді. Жарысқа 18 жастан асқан ерлер мен әйелдер арасында 40-тан астам ересек спортшылар қатысады. Турнирге қатысқысы келетіндер 19 шілдеге дейін тіркеле алады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жаттықтырушы Рустам Ахмедхановтың айтуынша, кроссфит – бұл тұрақты шынығуды, жоғары қарқындылықпен орындалатын функционалды қозғалыстарды талап ететін спорт түрі. Кроссфит ауыр атлетика, жеңіл атлетика, гимнастика, сондай-ақ мықтылықты қажет ететін жаттығулар элементтерін қамтиды.
- Кроссфит бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие және өте танымал. Жыл сайын кроссфиттен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Ақтауда кроссфит 2017 жылы пайда болды. Осы уақытқа дейін облыс көлемінде 20-дан астам жарыс өткізілді және жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Біздің қаламызда қазір кроссфит жүйесі бойынша жаттығулар өтетін 3 зал бар. Бұл залдар 300-ден астам спортшыны қамтиды. Сондықтан біз өзімізді және өз қабілеттерімізді көрсете алатындай жарыстар жиі ұйымдастырамыз. Жарыстар осы спорт түрін насихаттау үшін және жастарды спортпен шұғылдануға тарту үшін өткізіледі. Алда қаламызда кроссфит бойынша ҚР чемпионаттарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Міне осылай Ақтау қаласында спортты ғана емес, туризмді де дамытамыз, - деді Рустам Ахмедханов.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының жоғары спорт жетістіктері бөлім басшысының міндетін атқарушы Самат Балтабаев облыс көлемінде өтетін спорттық іс-шараларды атап өтті.
- Былтыр облыс халқының 40,6%-ы немесе 323 мың адам дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатыны анықталды. Осы қарқынды төмендетпеу мақсатында биыл 1120 спорттық іс-шара өтті. Оның ішінде 80-і ірі іс-шаралар, яғни, 44 республикалық деңгейдегі жарыс. 5 ҚР Кубогы, 22 ҚР чемпионаты, 8 халықаралық турнир, дзюдо бойынша Азияның Ашық Кубогы, 336 облыстық чемпионат және облыстық ашық турнир, 7 облыстық кешенді спорттық спартакиада бар. Сондай-ақ, тамыз айында спорт күніне орай апталық спорттық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Жыл соңына дейін Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған бокстан ересектер арасында дәстүрлі халықаралық турнир, жеңіл атлетикадан «Әминиада» Республикалық турнирі, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында шахматтан ҚР чемпионаты, Маңғыстау облысының спартакиадасы өткізу жоспарланып отыр, - деді Самат Балтабаев.