
Ақтау әкімдігінде қала әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен тазалық мәселесі бойынша жиын өтті. Қала әкімі жауаптыларға санитарлық тазалық жұмыстары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме беріп.
Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, жауапты бөлім басшылары, төтенше жағдайлар басқармасы, қалалық полиция басқармасы, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және санитарлық тазалыққа жауапты және қоқыс шығарушы компаниялардың өкілдері қатысты. Қаланың санитарлық тазалығы бойынша Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Жақыпов баяндама жасады.
-Қазіргі таңда қала аумағында
тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен 7 компания айналысады. Олар: «Caspiy Operating» ЖШС, «Мұнайлы қызмет» ЖШС, «СоцСервис-А» ЖШС, «Евро Сервис Джо» ЖШС, «Атамекен-Тазалық» ЖШС, «WRC» ЖШС, «Эко Каспий» ЖШС. Олар тұрғындардан шығарылған тұрмыстық қатты қалдықтарды полигонға шығарады. Ал қаланың санитарлық тазалығына «Ақжол+К» ЖШС жауапты. Мердігер компания тарапынан қоғамдық орындарында, алаңдарда, саябақтар мен аллеяларда, теңіз жағалауында, «Жылы жағажай» аумағында санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті жүргізіледі, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Жақыпов.
Қала әкімі Әбілқайыр Байпақов жауаптыларға тазалық жұмыстарын тез арада ретке келтіруді тапсырды.
-Тазалық жұмыстарымен айналысатын барлық компаниялар әр нысанға белгілі бір маманды бекіту қажет. Бұл бүгін тазартылып, ертең ұмытылып кетпеуі қажет. Қала тазалығы - бір рет жасалатын акция емес, ұдайы назарда ұстайтын мәселе. Бұл жұмыстарды қатаң қадағалау керек. Қала тазалығын тез арада ретке келтіруді тапсырамын. Сонымен қатар, қаладағы жағымсыз иіске байланысты қалалық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасы экология департаментімен бірлесіп мәселенің түйінін шешіңіздер, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Қала әкімі қалалық жергілікті полиция қызметіне заңсыз қоқыс тастаған азаматтарға әкімшілік шара қолдануды тапсырды. Жалпы қала аумағында жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 1994 әкімшілік хаттама жасақталып, 641 260 теңге мөлшерінде айыппұл салынған, оның 530 500 теңгесі өндірілді деді жергілікті полиция қызметі.