Ақтауда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының ұйымдастыруымен 21-27 сәуір аралығында еуропалық иммундау апталығы өтуде, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметіне сәйкес, еуропалық иммундау апталығының бірнеше бағыттары бар.
- вакцинацияланған және вакцинацияланбаған адамдардың денсаулығын ұжымдық иммунитет көмегі арқылы қорғау үшін вакциналар әрекет ететіні туралы хабардар болуды арттыру;
- жасөспірімдерге, ата-аналарға және денсаулық саласындағы мамандарға вакцинациялау пайдасына иммундау жөніндегі дәлелді ақпарат негізінде саналы таңдау жасау қажеттігі түсіндіру және ғылыми негізделген ақпаратты тарату;
- ата-аналарды(заңды өкілдерді), медицина қызметкерлерін қызылшаға және көкжөтелге қарсы вакцинациялауға баса назар аудара отырып, сондай-ақ адам папилломасы вирусына (HPV) қарсы вакцинациялауды енгізу қажеттігіне баса назар аудара отырып, иммундаудан уақтылы өтудің маңыздылығы туралы хабардар ету.
Елімізде медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық егулер республикалық бюджет қаражаты есебінен мынадай инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізіледі:
Ð жоспарлы профилактикалық екпелер: «В» вирустық гепатиті; В типті гемофильді инфекция; дифтерия; көкжөтел; қызылша; қызамық; пневмококкты инфекция; полиомиелит; сіреспе; туберкулез; эпидемиялық паротит;
Ð эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша профилактикалық екпелер: құтырма; іш сүзегі; көктемгі-жазғы кене энцефалиті; оба; коронавирустық инфекция.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен мынадай жұқпалы ауруларға қарсы эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша міндетті профилактикалық екпелер жүргізіледі:
- «А» вирустық гепатиті
- тұмау;
- сібір жарасы;
- туляремия.
Биыл республикада ұлттық вакцинация күнтізбесіне адам папиллома вирусына (HPV) қарсы вакциналау енгізілді. Соған сәйкес биыл ІІІ тоқсанда тиісті контингентке вакцинациялау жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
Профилактикалық екпені жүргізу алдында дәрігер егілетін адамға медициналық қарап-тексеруді жүргізеді, иммундауға қарсы көрсетілімдер болмаған кезде егу жүргізуге рұқсатты ресімдейді. Екпелер егілетін адамның немесе заңды өкілінің егу жүргізуге хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі.
- Профилактикалық екпелерді арнайы дайындықтан өткен мейіргерлер мамандандырылған егу кабинеттерінде жүргізеді. Қаламызда 12 емханада екпе жүргізіледі. Апталықтың мақсаты – вакциналарға тең қолжетімділіктің маңыздылығын көрсету, әрбір адамның салауатты өмір салтын ұстануына ықпал ету. Иммундау - денсаулық сақтаудың ең тиімді әдістерінің бірі. Ол адамның және жалпы халықтың денсаулығын сақтауда үлкен нәтижелерге қолжеткізуге мүмкіндік береді, - деді Ақтау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Қолқанат Есмұрзаева.