Аумағы 100 шаршы метрді құрайтын әскери нысан құрылысын қазақстандық мердігер үш айда аяқтады. Мұнда қосалқы ғимарат қосу мүмкіндігі де қарастырылған. Модульді казарма байланыс және инженерлік желілерімен жабдықталған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Жаңа ғимаратқа биыл күзде әскерге шақыртылған 100 матрос орналастырылды. Отандық үлгідегі ғимарат әскери теңіз базасында орналасқан. Модульді нысанға қажеттілігіне қарай штаб, санитарлық және тағы басқа блоктарды жалғап салуға болады. Ғимараттың басты артықшылығы – жылдам құрастырылуы. Оны кез келген жерде тез құруға болады.
Жаңа казармада күзгі әскерге шақырылған жауынгерлер орналастырылды. Мұнда оқу бөлмелері, жатын бөлме, қару-жарақ қоймасы, душ бар.
- Бұл казарма – Әскери-теңіз күштерінің алғашқы казармасы. Оны кез-келген уақытта жинап, кез-келген жерде құруға болады. Сыйымсдылығы – 100 адам. Жас сарбаздардың талпынысы жақсы, әзірге ешқандай ескертулер жоқ, бұйрық орындалуда. Әскери қызмет пен ауыртпалықтарда төзім танытып келеді. Ешқандай шағым жоқ, жігіттер мықты, бәрі де өз елінің патриот, - деді рота командирінің орынбасары Ярослав Бугай.
100 шаршы метрге арналған жаңа казарманы отандық компания бірнеше айдың ішінде жинады. Келесі жылдың басында әскери-теңіз күштері тағы бірнеше осындай казарманы қабылдайды.
Айта кетейік, казарма қысқа мерзімде салынды. Құрылысы маусым айында басталып, қыркүйекте аяқталған. Қазір бір ай бойы жас сарбаздар курстан өтеді. Салтанатты ант қабылдау шарасынан кейін олар нағыз теңізшілер қатарына кіреді.
Келер жылы еліміздің әскери теңіз күштері Каспий жағалауында әскери сүңгуірлерді дайындайтын оқу-жаттығу кешені жанынан салынып жатқан тағы 6 модульді казармамен қамтамасыз етілмек.