Ақтауда М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда ҚР мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Арман Жүдебаевтың “Күй - өмірім” атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Арман Жүдебаевтың басқаруымен оркестр Тәттімбет, Құрманғазы, Н.Тілендиев және басқа да қазақ композиторларының шығармаларын орындады. Қобыз бен скрипка, домбыра мен флейта, виоленчел үндері де жарасымды үйлесім тауып, көрермендерге қошеметіне ие болды.
Аймақ басшысы Арман Жүдебаевтың ұлттық музыканы дамыту мен ел өнеріне қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«Құрметті Арман Әділханұлы, Сіз басқарып отырған Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы осы саладағы әр түрлі мамандықтарды дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны. Оған дәлел - сіз бас дирижер ретінде өнер көрсетіп елде, сондай-ақ АҚШ, Германия, Австрия, Қытай, Швейцария және Болгария сынды елдердің беделді залдарында берген үлкен концерттеріңіз. Маңғыстаулықтар атынан жаңа Қазақстанның өнері мен мәдениетіне қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін», - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Арман Жүдебаев - ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, күйші әрі дирижер.
2018 жылы ҚР Президентінің жарлығымен “Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы” республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры болып тағайындалған.