Ақтауда республикалық деңгейдегі сарапшылардың қатысуымен дәстүрлі құндылықтарды насихаттау бойынша шеберлік сабағы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Іс-шараны ұйымдастырушы – «Көмек командасы» қоғамдық қоры.
- Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасының тапсырысы мен «Азаматтық бастамалар орталығының» көмегімен шеберлік сабағын өткіздік. Жас отбасылар шақырылып, олармен отбасы және неке институтының мамандары пікір алысты. Мамандар отбасылық жанжалдарды шешу жолдары мен бала тәрбиесінің аспектілері туралы айтты, - дейді «Көмек командасы» қоғамдық қорының директоры Қанат Айтбай.
Жиында ұлттық салт-дәстүрді сақтау мәселесі де сөз болды. Қолөнер шеберлері ұлттық киімдер мен тұрмыстық бұйымдарды жасаудың қыр-сырына тоқталса, аға буын өкілдері сәбиді бесікке қалай дұрыс салу керектігін көрсетті. Балаларға арнап ұлттық ойындар ұйымдастырылды.