
Ақтауда қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Жастар – жарқын істердің бастаушысы» атты форум өтті. Форумда елордамыздан арнайы келген Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы жастарға өзінің келелі ойын айтып, таным-көзқарасымен бөлісті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кеңшілік Тышқанұлы – ауыл молдасынан хат таныған, кейін Торғай қаласындағы Осман Қожа медресесінде, 1990 жылдары Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам мәдениеті» университетінде білім алған дінтанушы. Түркия Республикасындағы Селжүк университетінің 4 жылдық теология факультетінде білім алған теолог. 20 жылдан астам уақыт еліміздің жоғары оқу орындарында дінтану пәні бойынша дәріс оқып келеді.
Залдағы жастардың алдында тамағын бір кенеп алып, сөзін бастаған Кеңшілік Тышқанұлы кез келген азаматтың, тұлғаның, маманның, отбасы мүшесінің білуі керек құндылығы – білім екенін тілге тиек етті.
«Білім құндылығы оңай шаруа емес екен. Біз дін, ағартушылық саласында қызмет етіп жүргенімізбен, адамның ойлап, түйе беретіні жалғаса береді екен. Басқа жаратылыстармен салыстырар болсақ, адам өмір бақи өмірден үйрене беруге мәжбүр. Ең бірінші мәселе, бұл – білімге негізделген тәрбие. Әл-Ғазали атты ислам ойшылының айтуынша, тәрбие – бір нәрсені қайталап, әдетке айналдыру. Яғни, сіз отбасында, қоғамда, айналаңызда не көрдіңіз, сол сіздің тәрбиеңізге сіңеді. Кез келген адамның энергетикасы мен қасиеті қасындағы адамға жұғады. Атақты мистик ойшыл, Руми «Бұлбұлмен жүрсең гүлге, қарғамен жүрсең күлге қонасың», - дейді. Яғни, айналаңыз бен ортаңыз қандай дін ұстанса, сіз де досыңыздың дінінде боласыз. Жастар отбасын, айналасын таңдай алмағанымен, досын дұрыс таңдап, жақсы адамдармен жолдас болуы керек. Кез келген адам өзін дамытып, жетілдіру арқылы жоғары деңгейге көтеріле алады. Өкінішке қарай, жастар өз бойындағы потенциалын жөнді қолдана алмай қалады. Азаматтарға жас кезінде жетіспейтін дүние сол заманда, уақытта ғылымға көңіл бөлмеу. Яғни, эмоция мен ойын-күлкімен уақыт өткізіп, бел ортасы жасқа келгенде өкінеді. Жас кезде алған білім – тасқа жазған жазумен тең», - дейді дінтанушы.
Дінтанушы бұл ғаламда кез келген жаратылыстың өз бағдарламасы барын, ал адамда құндылық деген дүние барын айтты.
«Жануарларда бұны инстинк (түйсік) дейді. Жаратылыс өз функциясын атқарған соң өмір сүруін тоқтатады. «Жақсының аты, ғалымның өті өлмейді», - деген тәмсіл бар. Өмірде құндылық мәселесін негізгі мақсат ретінде қарастырмайтын болсақ, қатардағы адам ретінде өмір сүріп кете бересіз. Ең бірінші құндылық бұл әрине – рухани құндылық. Кейбір кезеңдерде деніміз сау, аяқ-қолымыз балғадай болып тұрған кезде рухани құндылықты назарға алмай, материалдық құндылықтардың жарысына түсіп, руханияттан тыс қалып кетеміз. Адамдықтан айнымауымыз қажет. Адам әуелі өз ішіндегі имангершілік, адамгершілік нормаларын жетілдіруі қажет. Содан кейін өмірдегі өз позицияңызды қалыптастырасыз. Һакім Шәкерім Құдайбердіұлы «Қиянатың бар болса, иманың жоқ, маған десе мың жылдай қыл ғибадат», - дейді. Сіз өзіңізді, кейін отбасыңызды, руыңызды, сосын ұлтыңызды, сосын барып адамзатты жақсы көресіз. Қара басымызды жақсы көру ұғымы құндылыққа айнала, материалдық құндылықтар санамызға орнығып, рухани құндылықтар құлдырайды», - деді Кеңшілік Тышқан.
Кеңшілік Тышқанның сөзінше, біздің қазақ социумы бүгінгі таңда бүкіл ізгілігі мен игілігін адамгершілігін, материалдық құндылықтармен өлшейді.
«Билікке келеміз, жемқорлыққа түсеміз. Жеке басымыз үшін қаржы жымқырамыз. Тек өз отбасымызды жақсы көреміз. «Мені шақпаған жылан мың жасасын» деген психология біздің қоғамды қасіретке әкеледі. Қазір қазақ қоғамында діни, дәстүрлі, өркениеттік құндылықтар бар. Дін керек, бірақ қай деңгейде керек? Және дінді қалай ұстануымыз керек? Соның нәтижесінде көптеген азаматтарымыз отбасылық құндылықтарынан ажырап, қайда, не істеп жүргенін түсінбейтін хәлге душар болып жатыр. Екінші құндылық – өз ұлтымыздың рухани құндылығы. Осы халықтың өкіліміз, мың жылдық мәдениетіміз бар. Бұның өзі қатты жаңғырта алған жоқпыз. Үшіншісі, өркениетті, жаһандану құндылығы. Бәріміздің қолымызда телефон бар. Біздің санамыз смартфонның ішінде. Бір тәулігіміздің көп бөлігі осында смартфонға шұқшиюмен өтіп жатыр. Смартфон – біздің идеологиямызды, ұлттық құндылығымызды, дүниетанымымызды, балаларға беретін болашақ тәрбиемізді ұрлап жатыр. Сондықтан да әрбір жас өз өміріне ықпал ететін дүниелерді реттей бастағанда ғана өз өміріне қожайын бола алады. Мысалы, қыздар бай жігітке тұрмысқа шыққысы келеді. Себебі, ол – бай. Мәхрге пәтер, көлік сұрап жатыр. Сіз отбасын құрған кезде материалдық игілік үшін құрып жатырсыз ба, жоқ әлде қазақтың болашақ іргесін нығайту үшін демографиясына үлес қосу үшін, ана-әке бақытын сезіну үшін құрып жатырсыз ба?», - деп ойлы сауал тастады дінтанушы.
Кеңшілік Тышқанұлы залдағы жастар алдында гендерлік теңдік мәселесіне де қатысты өз ойымен бөлісті.
«Құдай мен құқықтың, заңның алдында барлығымыз теңбіз. Ал табиғатымыз бойынша тең бола алмаймыз. «Өзім білемін, қаласам ұрпақ әкелемін, қаламасам әкелмеймін» деген түсінік біздің ұлтты демографиялық деградацияға әкеле жатыр. Еуропа мемлекеттерінде өркениет құндылықтары, кәсібилік пен тәртіп, принцип бар. Ал руханият жоқ. Қаласа қызға қыз, ұлға ұл үйленеді. Ал ол біздің шығыстың құндылығына келмейді. Алаш зиялыларының «есікті шығысқа қаратып, түндікті батыстан ашқан себебі – біз батыстың өркениетін аламыз, бірақ руханиятымыз шығыс қоғамына бағытталуы керек» деген түсінік. Кейбір нәрселерді құқықпен бекіте алмаймыз. Міне, осы құндылықтардың ара-жігін ажыратып алуымыз қажет. Әйтпесе, өз болмысымыз бен бояуымызды, ұлттық ерекшеліктерімізді жойып аламыз. Түсінетін адамға 1 сөз де жеткілікті, түсінбейтін адамға 100 сөз айтсаң да жеткіліксіз. Сондықтан, мен сіздерге айтқым келген ойды сіздер түсіндіңіздер деп ойлаймын. Ұлттық болмысымыз бен табиғатымыздан ажырамай, өркениетке, жетістікке, жаңалыққа құштар болатын болсақ, еліміздің мықты болашағы сіздер боласыздар. Абсолют еркіндік болмайды. Болашақ белестеріңізге үлкен сәттілік тілеймін!», - деді Кеңшілік Тышқан.