20 қыркүйек күні Ақтауда «қазақ боксының атасы» атанған Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, Маңғыстау өлкесінің тумасы Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған бокстан ересектер арасында дәстүрлі ХV халықаралық турнирі басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Жарыстың ашылу салтанатына Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев және турнирдің қонағы бокстан 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сапиев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Турнирге көршілес елдерден және елдің барлық аймағынан 100-ге жуық боксшы қатысып жатыр. Оның ішінде 14 маңғыстаулық былғары қолғап шебері бар.
Маңғыстау облысының бокс федерациясының өкілдерінің айтуынша, алғашқы күннің қорытындысы бойынша шаршы алаңға 11 жұп шықты. Олардың арасында Маңғыстау облысынан Әлем чемпионы Бекзад Нұрдаулетов те бар. Ол 86 келі салмақ дәрежесінде Жетісу облысынан келген боксшыны айқын басымдықпен жеңіп, жарысты сәтті бастады. Сондай-ақ 63,5 келі салмақ дәрежесіндегі маңғыстаулық Богдан Өтегенов ақтөбелік қарсыласынан басым түсіп, жартылай финалға шықты.
Аталған турнир қыркүйек айының 20-24 күндері Ақтау қаласындағы «Халық Арена» спорт кешенінде өтеді.