Қалалық әкімдікті баспасөз қызметінің айтуынша, биыл 7300-ге жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтауда жаңа оқу жылында 177 білім ошағы өз жұмысын бастады. Оның ішінде 53 мектеп, 122 балабақша, 2 қосымша білім беру ұйымы бар. 1 қыркүйек - «Білім күніне» орай №13 мектеп гимназиясында өткен салтанатты шарада Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали сөз сөйлеп, білім саласында жасалып жатқан жұмыстар жайлы айтты.
-Құрметті ұстаздар және оқушылар! Сіздерді 1 қыркүйек білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Биыл Ақтау қаласы бойынша жаңа оқу жылында балабақшаларда 17 мыңнан астам бүлдіршін және мектепте 63 мыңға жуық оқушы білім алады деп жоспарланған. Жалпы «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы аясында Ақтау қаласы бойынша 10 600 орындық 8 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның 6-ның құрылысы биыл басталады, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Жаңа оқу жылында Ақтау қаласында 6 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 17 ш/а «Таным», 35 ш/а «Жайсаң бала-2» және «Sana», 19А ш/а «Advanta», Толқын-1 аудандында «Meta» және «Жас қанат» мектебі. Алты жекеменшік мектепте 2724 оқушы білім алады деп жоспарланған.
-Жыл басынан бері жекеменшік мектептерден бөлек, Ақтауда 15 жекеменшік балабақша ашылды. Оның екеуі сенімгерлікпен басқаруға берілген. Атап айтқанда, 7 ш/а 300 орынды «Вala land» және 26 ш/а 280 орынды «Еркемай» балабақшасы, - деді Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұрғанбаева.