Ақтауда брэйк-данстан «Caspian battle» атты облыстық ашық чемпионат өтті. Іс-шара Ақтау қаласының 60 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
25-27 тамыз аралығында өткен жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам биші қатысқан. Жарыс жас ерекшелігіне қарай әр түрлі номинация бойынша жүргізілді.
Чемпионатқа қатысушылар «Hip hop», «Freestyle», «Breaking» бағыттары бойынша бақ сынады. Бүгінде бидің танымал бұл бағыттарымен қала жастары белсенді айналысады.
-Брэйк-данстан облыстық чемпионат жыл сайын өткізіледі. Жарыстың негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің арасында би өнерін дамыту. Биыл біз сайыс форматын жаңартып, «Hip-hop street dance» номинациясын қостық. Осы байқауды ұйымдастыру барысында қолдау білдірген Ақтау қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөліміне ерекше алғысымды білдіремін, - деді «Break dance» федерациясының президенті Мария Герасимова.
Байқау соңында қатысушылар марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар шарада чемпионаттан тыс Ресей, Украина және Армения мемлекеттерінен келген қатысушылар өнер көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша ақтаулықтар топ жарып, «Hip hop» номинациясы бойынша Дәулет Балабай І орын, «Breaking» бағыты бойынша Данил Ковальчук ІІ орын және Хамза Алтынбеков ІІІ орынды иеленді.