Әлеуметтік желі беттерінде бұл оқиғаны түсіріп, балалардың 5-7 минут бойы төңкеріліп тұрғанын айтқан куәгердің видеосы пайда болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Видеода балалардың жылап, көмек сұрағаны анық естіледі. Аквапарк қонақтарының айтуынша, Tetysblu қызметкерлері аттракционның қауіпсіздік жүйесін 10 минут ішінде аша алмаған, сұрақтарға жауап бермеген. Аттракционды екінші рет іске қосқан кезде тағы да ақау орын алып, балалар 5-7 минутқа баспен төмен төңкерілген күйі қалып қойған. Балалар қорыққаннан қатты күйзеліске түскен. Дегенмен ешкім оларды тыныштандыруға немесе оқиғаны түсіндіруге тырыспапты.
«Жауаптылардан ешқандай хабар жоқ. Біздің өтінішімізге олар саябақты зерттеуге немесе жабуға болмайды деп айтты. Біздің балалар бұл оқиғадан кейін енді ол жаққа бармайтыны белгілі, ал басқа балалар қалай болмақ, олардың қауіпсіздігін кім ойлайды? Олар қандай да бір шара қабылдау үшін апатты жағдай немесе сұмдық оқиға орын алғанын күтетін сияқты. Оқиға бойынша біз жергілікті деңгейде полицияға, төтенше жағдай мамандарына жүгіндік. Полиция арызды қабылдады, бірақ ешқандай шара қолданылмады», - деді куәгер.
Оқиға 24 тамыз күні сағат 18:45-те болған. Аквапарк қызметкерлерінің айтуынша, аттракцион 3 минут 37 секунд жұмыс істемей қалған.
- Қауіпсіздік ережелеріне сәйкес келушілерді эвакуациялау жоспары жасалды. Туындаған қолайсыздықтар үшін келушілерден кешірім сұрадық. Күн сайын жаңа ауысым басталар алдын тиісті мамандар барлық аттракциондарды мұқият тексеретінін атап өткіміз келеді,- делінген «TetysBlu» аквапаркінің хабарламасында.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі қоңырауға ювеналды полиция қызметкерлері барғанын хабарлады. Аквапарк жұмысшыларымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Айта кетейік, аттракцион электр қуатының үзілуіне байланысты тоқтап қалған.