Ақтауда отбасылық үлгідегі балалар ауылының түлектерімен кездесу өтті. Аталған шара Республика күніне орай «Қыран елім – Қазақстан» патриоттық акциясы аясында ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараға 2017-2020 жылдар аралығында тәрбиеленген түлектер, атап айтқанда Берекет Байжанов, Құралай Тлеубаева, Амина Бурдзиева, Татьяна Герасимова және Александр Минтагиров келді. Олар ұстаздарын ұлттық мерекемен құттықтап, тәрбиеленушілермен сұхбаттасты.
Қазіргі таңда балалар ауылының түлектері әр салада өз орнын тауып, елдің өркендеуі мен дамуына атсалысып жүр. Кездесуге келген жастың бірі – Құралай Тлеубаева. Ол қазір медицина саласында қызмет етуде. Тұрғындарға жедел медициналық көмек көрсетіп, көптің алғысына бөленіп жүр. Пандемия кезінде де жан сақтау бөлімінде күні-түні қызмет еткен.
«Медицина саласына деген қызығушылығым басым болды. Сондықтан осы саланы таңдап, білім алдым. Пандемия кезінде жан сақтау бөліміндегі өлім мен өмір арасындағы арпалысты көріп, ауруға қарсы күрестік. Әрине сол сәтте мұның бәрі қиын болды, дегенмен маман ретінде қалыптасып, үлкен тәжірибе жинадым. Алдағы уақытта медицина саласы бойынша оқуымды жалғастырып, кәсібімді ашқым келеді», - деді Құралай Тлеубаева.
Адал еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесінде ол балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан інісін қасына алды. Қазір інісі Есболат Тлеубаев өзі таңдаған техник-механик мамандығы бойынша білім алып жатыр.
Жас болса да бас болып, өз саласында жетістікке жетіп жүрген жанның бірі – Берекет Байжанов. Ол «Қазақстан финанс» корпорациясында бөлім басшысы болып қызмет етеді. Оның айтуынша, отбасылық балалар ауылы ұстаздарының еңбегі мен қолдауының арқасында тұлға болып қалыптасып, жұмыста үздік нәтиже көрсетіп жүр.
Амина Бурдзиева биыл Алматы қаласында кондитер мамандығын меңгеріп, оқуын қызыл дипломға аяқтады. Бүгінде ол өз мамандығы бойынша жұмыс істеуді бастап кетті. Ал Татьяна Герасимова Маңғыстау жастары арасында танымал, қазақ тілінде блог жүргізіп, аудиториясын қалыптастырған блогер. Ол жастарды сүйікті ісімен айналысуға, қиындық келсе, одан қашпауға және мақсат пен арманыңа адал болу керек екенін айтты. Александр Минтагиров – фитнес жаттықтырушысы, ол балаларды спортпен айналысуға шақырды.
Шара соңында балалар келген қонақтарға сұрақтарын қойып, ән айтып, ізгі тілегін жеткізді.
Жалпы облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылы 2005 жылы ашылған. Маңғыстау облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанованың айтуынша, балалар ауылы құрылғаннан бері 332 бала тәрбиеленді. 146 түлек кәмелеттік жасқа толып шықты, қазіргі таңда 26 бала тұрады. Бүгінде 27 бала ЖОО мен колледжде білім алып жатыр, ал 7 бала Отан алдындағы борышын өтеуде.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА