25 қазан - Республика күніне орай Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени корығында «Жазу, руна, петроглифтерден арабографикаға дейін» тақырыбында өлкенің тарихи-мәдени мұраларын насихаттау және жас жеткіншектерге патриоттық тәрбие беру, өз елінің тарихын, мәдениетін, құрметтеуге үйрету мақсатында ғылыми-танымдық кеш өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Тарихи мағлұматтарды Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық лицейінің 10-сынып оқушылары тыңдады.
«Адай уезінің жазба мұралары» кітабынын авторы, өлкетанушы Мұрат Ақмырзаевтың айтуынша, руна жазуы - 2—3 ғғ. бастап кейінгі орта ғасырларға шейін германдықтар қолданған әліпби. Латын жазуының таралуына байланысты қолданыстан шыққан. Руналық жазудың таңбалары сына тәрізді сүйірленіп, негізінен, металл, тас, ағашқа жазылған. Бұл әліпбидің құрамы, таңбалануы уақыт өткен сайын өзгеріп отырған.
"Руналық жазу" термині басқа көне жазуларға қатысты да айтылады, мысалы, дат ғалымы В. Томсен оны көне түркі жазулары үшін қолданған.
Маңғыстауды мекендеген тек оғыз-қыпшақ және осы күнгі адай руларының таңбалары ғана емес, әлі күнге дейін шешуі табылмаған, көп зерттеуді қажет ететін белгілер көптеп кездеседі.
Маңғыстаудың тастағы таңбалары туралы кезінде Ф.Ф.Берг, Г.С. Карелин де, орыс географиялық қоғамының мүшесі М.И. Иванин де, подпоручик Алексеев те жазған болатын. Одан кейін Маңғыстауға айдаумен келген украин ақыны Т.Г.Шевченко мен Б.Заллесский 1851 жылы А.И. Антипов басшылық еткен Қаратау экспедициясы кезінде көздерімен көріп, артынан өз еңбектерінде көрсеткен.