Ақтауда атыраулық «Мен Бармын» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен театрландырылған көрініс өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Құрамында ерекше балалары бар қордың шығармашылық ұжымы облыстық мәдениет басқармасының шақыруымен Ақтауға келді. Жас өнерпаздар өз репертуарындағы бірқатар туындыларды орындады. Соның ішінде «Шехеразада ертегілері», «Колобок», «Сүлеймен Сұлтан», «Бремен музыканттары», «Шыбын Цокотуха», «Зүбаржат қаланың сиқыршысы» және т.б. ертегілер бар.
Жасөспірімдер түрлі этностардың ұлттық билерін де орындады. Ұйымдастырушылар концертке ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналарын шақырды.
«Men Barmyn Foundation қорын 2018 жылы құрдық. Өзім ерекше баланың анасымын. Біздің труппада 15 ерекше бала бар. Біз, ата-аналар, балаларымыздың қоғамға бейімделуіне өнерін шыңдау арқылы көмектесеміз. Шығармашылық белсенділіктің арқасында олардың таланттары ашылады, жаңа достар табады. Әр репетицияда олардың актерлік шеберлік сабағын қалай меңгеруге тырысатынын көреміз. Нәтижесі айқын – балаларымыз халықаралық фестивальдерде жүлделі орындарға ие болып жүр. Біз өзіміз спектакль қою үшін режиссерлер мен би мұғалімдерін жалдаймыз, балалардың дайындалуына көмектесеміз. Балаларымыздың өнерін көрсетіп, өзге ата-аналарға үлгі ету мақсатында біздің ұжым Ақтауға келді. Ерекше балалардың әлеуетін ашу үшін олар да шығармашылық үйірмелер ұйымдастырады», - дейді «Мен бармын» қоғамдық қорының жетекшісі Зайда Нұғманова.