Қаңғыбас иттер басынан бері 600-ге жуық тұрғынды тістеп алған. Зардап шеккендердің арасында балалар да бар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты 24KZ арнасына сілтеме жасап.
Бір ғана облыс орталығында жыл басынан бері 273 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Оларға құтыруға қарсы екпе тағайындалды. Травматолог Рамазан Орынбасар зардап шеккендердің біріне ота жасады.
- Науқастың жағдайы орташа ауыр. Жұмысқа келе жатқанда оны қаңғыбас ит тістеп алған. Ит пациенттің жамбас сүйегін тістеген. Жедел жәрдеммен бізге жеткізілді. Біз оны емдеп, бір аптадан соң шығардық, — дейді травматолог Рамазан Орынбасар.
Облыста ресми түрде үш мыңға жуық ит тіркелген. Үй-күйсіз жануарлардың саны белгісіз. Адамдарға шабуыл жасағаннан кейін оларды атып тастауы керек. Жергілікті билік ит, мысықты асырап алғысы келетін азаматтарға қолдау көрсетуді ұйғарып, жануарларға пана салу үшін 5 гектар жер бөлді.