Мектептер ауа-райының қолайсыздығына қашықтықтан оқыту форматына ауысады деген хабарлама сабаққа санаулы уақыт қалғанда, яғни таңертеңгі сағат 8-ге дейін мектеп чаттарына жіберілген. Мессенджер чаттарында ата-аналар мұның кеш хабарланғанына наразылық білдіріп жатыр. Ал қатты жел болатыны екі күн бұрын белгілі болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Көптеген ата-ана қашықтан оқыту туралы ақпарат чаттарға келмес бұрын балаларды мектепке автобуспен жіберген. Облыс әкімдігінің жеделхат-чатында білім басқармасы басшысының хабарламасы сағат 00:30 - да жарияланған, алайда қандай да бір себептермен мұғалімдер мен ата-аналарға соңғы сәтте ескертілді.
"Ауа-райының қолайсыздығына байланысты 22 қарашада қашықтан сабақ өткізу туралы білім басқармасының басшысымен кеше 21 қарашада келісіліп, мектеп басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Алайда, бүгін Ақтау қаласының ата-аналар чатында ақпарат кеш берілгені белгілі болды. Сондықтан мектепке келген балалар оқи береді, балабақшалар жұмысын жалғастырады, ал үйде қалған балаларға сабақты қашықтан оқиды. Сабыр сақтауды сұраймыз. Кешірім сұраймыз! Ертеңгі сабақтар туралы алдын ала хабарланатын болады", - деп түсіндірді білім басқармасы.