Ақтауда 26 жастағы ана үшемді дүниеге әкелді. Бүгін облыстық "Ана мен бала" перинаталдық орталығынан үйге шығарылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Орталықта жыл басынан бері 6000-нан астам шарананың кіндігі кесілген. Оның 114-і - егіз, ал 3-і - үшем.
- Нәрестелер 11 тамыз күні жүктіліктің 32-аптасында дүниеге келді. Бұл өңірдегі сегіз ай ішінде жарық дүние есігін ашқан - үшінші үшем. Салмақтары - 1 430,0 гр, 1 640,0 гр және 1,480 гр. Емдеп жетілдірудің 2-сатысы бойынша нәрестелер бөлімшеде ем қабылдап, салмақ қосып, жағдайлары тұрақталып, бүгін анасымен бірге үйге шығарылды, - делінген орталық хабарламасында.
Үшемнің әкесі - әскери қызметкер. Ол сәбиіне Айша, Абзал, Ағзам есімдерін берген.