Ақтауда «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауаттылық бойынша оқыту жалғасуда. Бүгінгі семинар-тренингке 40-қа жуық қала тұрғыны қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған жоба 5 модульден тұрады. Бүгін спикер Асқар Имағанбетов пайдалы банк құралдарын, бизнес-жоспар жобасын жасауды және талдауды түсіндірді. Қаржылық эксперт бизнес-жоспар жасамас бұрын, жұмсалуы қажет қаражат сомасын анықтап алу керек екендігін айтты.
- Бизнес-жоспар жасамас бұрын, алдымен кәсіпті жүргізу үшін қанша қаражат керек екендігін анықтап алған жөн. Содан кейін сол қаражат сомасының FV және PV құнын білу қажет. FV - ақшаның болашақтағы құны, ал PV - болашақтағы ақшаның бүгінгі құны. Осы формула арқылы тек кәсіпті жүргізіп қана қоймай, тапқан табысты арттыруға да болады, - деді қаржылық эксперт Асқар Имағанбетов.
Шараға қатысқандардың бірі - Жамила Танатова. Ол семинарда тапқан табысты жинау және көбейту бойынша кеңестер алғандығын айтты.
- Семинарда қолда бар қаражатты қалай жұмсау, көбейту және жинау туралы нақты кеңестерді де алдым. Жоба спикеріне алғысымды айтамын, - деді Жамила Танатова.
Айта кетсек, «Қарызсыз қоғам» жобасын мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «AMANAT» партиясы мен үкімет әр өңірде өткізуде.