Бүгін Жаңаөзен қаласында Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның «Сахнада - 50 жыл» атты мерейтойлық кеші өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кешке жиналғандардың қарасы қалың болды. Шығармашылық кеште Роза Рымбаева өзінің орындауындағы «Атамекен», «Мен құпия ғашықпын», «Куә бол» «Жаңбырлы түн», «Кешікпей келем деп ең» атты танымал әндерін көпшілікке паш етті. Сахна төрінде әншінің ұлдары - Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев та өнер көрсетті.
Мерекелік кешке Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейт Қайнарбаев қатысып, құттықтау тілегін айтып, өнер иесіне өз ықыласын білдірді.
-Бірнеше жылдар бойы сіз өз тыңдармандарыңызды шығармашылығыңызбен қуантып келесіз. Сіздің әндеріңіз өсіп келе жатқан жастарды Отан мен шығармашылыққа деген сүйіспеншілік сезімдерін тәрбилеп келеді. Жаңаөзен жұртшылығының атынан сізге зор денсаулық, шығармашылығыңызға жаңа белестер мен толағай табыстар тілеймін. Халықтың махаббаты әрқашан өзіңізбен бірге!, - деді Жансейт Қайнарбаев.
Айта кетейік, бұл шара Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен қала тұрғындары мен қонақтары үшін тегін ұйымдастырылды.