Ақтауда Ә.Кекілбаев атындағы облыстық өлкетану музейінде Иран Ислам Республикасының Ақтау қаласындағы консулдығының ұйымдастыруымен көрме өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
"Парсы жеріндегі қазақ жәдігерлері және Иран Мәдениетінің құндылықтары" атты халықаралық көрмеге Иранда тұратын қазақтардың бұйымдары мен парсы мәдениетінің құндылықтары ұсынылды.
Сондай-ақ, О. Тұрмағанбетұлының Горган қаласының әкімі Сейт Жоржанға жазған Бендер Шаһ қаласына көшіп келген қазақтардың атынан жазылған арызы қойылған. Бұдан бөлек, ескі шағатай тілінде жазылған "Түс жору" жайлы қолжазбасы көрмеден орын алды.
Көрмеге Ақтаудағы Иран Ислам Республикасы, Түркия, Түркіменстан елдерінің бас консулдары және Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев арнайы қатысты.
"Бүгін сіздермен халықаралық көрмеде кездескенімен өте қуаныштымын. Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын. Иран консулдығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан парсы елінде қазақ жәдігерлері туралы көрме баршаңыз үшін ерекше есте қалады деген ойдамын. Екі ел арасында бүгінде ынтымақтастық бағытында экономикалық байланыс орнаған. Жақында Маңғыстау облысының ресми делегациясы Иранның Мазендаран провинциясында болып, бірнеше қаласын аралап екіжаққа тиімді көптеген келісімшарттарға қол жеткізді. Соның аясында Ақтауда игі бастама жалғасып тауып жатыр. Қолдау білдірген бас консулға ерекше алғысымды айтамын", - деді Ұлықбек Тналиев.
Бұдан кейін парсы елінің Ақтаудағы бас консулы сөз алып, бүгінгі шараның маңызына тоқталды.
"Маңғыстаулықтармен кезекті рет мәдени шарада кездескенімен қуаныштымын. Бұл көрменің көпшілік үшін маңызы зор. Алда келе жатқан Наурыз мерекесімен шын жүреткен құттықтаймын. Бұл мереке екі ел үшін де аса жоғары маңызға ие. Иран жері тарихқа өте бай. Мұнда түрлі ұлттар мен ұлыстар мекен етті. Оның ішінде көптеген араб, күрт, парсы, түрік, қазақ секілді ұлттар болды", - деді бас консул Ғұламреза Хашеми.
Ал музей басшысы Эльвира Амангелдіқызы көрме 12-19 наурыз аралығында ақтаулықтар мен қала қонақтары үшін ашық болатынын атады.
"Халықаралық көрмені парсы консулдығымен облыстық музей тарапы бірлесіп өткізіп жатыр. Мұндағы мақсат Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени байланысты одан әрі жандандыру. Бұл көрме негізінен екі бөлімнен тұрады. Иран мәдениетінің құндылықтары мен Иран жеріндегі қазақ жәдігерлерін қамтыған көрме екі бөлімнен тұрады. Өткен ғасырдың басында Иранға қоныс аударған қазақтардың киген киімдері, белгілі ғалым, зерттеуші О.Тұрмағанбеттің пайдаланған заттары, жазған хаты, бірқатар еңбектері сақталған. Сонымен қатар, Ақтау қаласына 1992 жылы Ирандағы қазақ жастарының футбол командасы келді. Солардың тізімі мен кубогы осында қойылды", - деді Ә.Кекілбайұлы атындағы музейдің директоры Эльвира Абланова.