9-наурыз күні Korkem Alem компаниясы Жаңаөзен қаласында білім бөлімімен бірлікте мұғалімдер мен дәрігерлер арасында тоғызқұмалақ ойынынан жарыс өткізді. Шараны өткізудегі басты мақсат – әлемге әйгілі зияткерлік ойындардың бірі, мыңжылдық тарихы бар ұлттық ойынды көп арасында насихаттау және осы шара арқылы қадірлі мамандық иелері дәрігерлер мен мұғалімдердің мәртебесін арттыру. Шараны ұйымдастыру арқылы ұлт саулығы мен біліміне жауапты, тынымсыз еңбек иелеріне құрметімізді жеткізгіміз келеді.
Жарысқа ерлерден 14, әйелдерден 12 ойыншы қатысты. Ойын швейцар жүйесінде, рапид әдісімен өткізілді. Әр қатысушы 7 айналым ойын көрсетіп, сынға түсті. Есептен жүйріктігімен көзге түсіп, шапшаңдық таныту арқылы көп ұпай жинаған ойыншылар жеңімпаз атанды. Ойыншылардың өнер көрсеткен уақыты және ережеге сай коэфициенттер де есепке алынды.
Тартысты ойын нәтижесінде ерлер арасында Бекарыс Недрешов – І орын, Есен Кабажанов – ІІ орын, Оразбай Куанишов – ІІІ орын иегері атанса, әйелдер арасында Ақжібек Чопанбаева – І орынға, Нұргүл Джауынбаева – ІІ орынға, Күләш Мадрешова – ІІІ орынға ие болды. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар тарту етілді.
Korkem Alem – әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компания. Кәсіпорын отандық, сапалы өнім өндірумен қатар, Жаңаөзен қаласының қоғамдық өміріне де белсенді араласуды міндет санайды. Алдағы уақытта аталған міндетті жүзеге асыру шеңберінде жоспарлы түрде жұмыстар жасала бермек. Жоғарыда айтқандай компания бұл ойынды ұйымдастыру арқылы мұғалімдер мен дәрігерлерге ерекше құрметін жолдайды Бұған дейін ұжым бастамасымен қала тұрғындарының басым бөлігін құрайтын мұнайшыларға арналған шараларды да өткізді. Сонымен қатар аналар мен балалар, жалпы ересектер арасында түрлі байқаулар ұйымдастырылды. Тұтынушылар арасында тұрақты түрде жеңілдіктер мен науқандар өтіп отырады. Компания атынан өткізілген шаралардың барлығы ұлттық құндылықтарға негізделеді.
Құрметпен, Korkem Alem компаниясының
баспасөз қызметкері
Қаламқас Аманқосова