
Ақтауда 14 наурыз күні Амал мерекесіне орай теңіз жағасында мәдени-спорттық іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Амфитеатр алаңында сағат 11:00-18:00 аралығында Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен «Біз спорт үшін, есірткіге қарсымыз» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен шахмат ойыны болады. Ал 14:00-18:00 аралығында тұрғындар әр түрлі ұлттық ойындарға қатыса алады. Сағат 19:00-де Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, әнші Әли Оқапов, Мәди Рымбаев және ақтаулық өнерпаздардың мерекелік концерті өтеді.
-14 наурызда 14:00-18:00 аралығында «Амфитеатр» алаңында ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, арқан тарту, қол күресі, мас-ристлинг (таяқ тарту), гір тасын көтеру және ләңгі ойынына барлық қала тұрғындары мен қонақтары қатыса алады. Барша қала тұрғындары мен қонақтарын ұйымдастырылатын шараларға белсенді қатысуға шақырамыз, - деді Ақтау қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сара Тәңірбергенова.