Ақтауда 170 орындық балабақша ашылды. Жаңа балабақша 16-шағын ауданда орналасқан, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Балабақшаның ашылу салтанатына білім саласының ардагерлері, тәрбиешілер, ата-аналар мен бүлдіршіндер қатысты. Шарада балалар өз өнерлерін көрсетті. Балабақшаның ашылу салтанатына Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали қатысып, сөз сөйледі.
- Балалар - еліміздің болашағы. Ал болашағымыздың жарқын болуы үшін бүлдіршіндердің сапалы білім мен тәрбие алуы қажет. Бұл ретте білім беру ұйымдарының қажетті мамандармен және құрал-жабдықтармен қамтылуы маңызды. Қазіргі таңда қаламызда 135 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 35 мемлекеттік, 100 жекеменшік балабақша. Олардың қатарында 16-шағын аудан тұрғындарының өтініштеріне сәйкес бой көтерген балабақша бар. Балабақшаның жұмысына сәттілік тілеймін. Осы балабақшадан еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар өсіп шыға берсін деп тілек білдіремін, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Жаңа балабақша қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Балабақшада 30 қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарында тәрбиешілер, олардың көмекшілері, дәрігерлер, аспаздар қызмет атқарады. «Aisha baby» балабақшасының директоры Айгүл Абылдаеваның айтуынша, балабақша балаларды жас ерекшеліктеріне сәйкес қабылдайды.
- Балабақшамызға балаларды жас ерекшеліктеріне сәйкес үш топ бойынша қабылдаймыз. Атап айтқанда, балабақшаға 1-2, 2-3, 3-4 жас аралығындағы балалар қабылданады. Қазіргі таңда балабақшада 72 бала бар. Балабақшаның бірінші және екінші қабатында 1-4 жас аралығындағы балалар білім мен тәрбие алады. Ал үшінші қабатында мектепке дайындық курсын ашуды жоспарлап отырмыз. Балаға білім және тәрбие берумен қатар, алдағы уақытта оның тұлға ретінде дамуына көмектесетін психолог, логопед мамандар жұмыс істейтін болады. Балабақшада психолог, логопед, арт-терапия, би және сурет үйірмесіне арналған кабинеттер жасақталатын болады. Балабақшаның ашылуына қолдау көрсеткен Ақтау қаласы әкімдігіне және демеушілерге алғысымды білдіремін, - деді балабақша директоры Айгүл Абылдаева.