10 сәуірде «Оқушы» орталығында «Жас құтқарушы» слеті өтті. Додада 5 команда өзара бақтарын сынады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Төтенше Жағдайлар Департаменті ұйымдастырған шараға шаһардағы білім ордаларынан 5 команда қатысып, 5 этап бойынша өзара шын мықтыны анықтады.
Жас құтқарушылар алғашқы медициналық көмек көрсетуді, төтенше жағдайлар мен өрт кезінде жасалатын іс-қимылды қаншалықты меңгергендіктерін көрсетті.
Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жас құтқарушыларға сәттілік, зор денсаулық пен жаңа жеңістер тіледі.
- Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында «Жас құтқарушы» жасағының 16 слеті өтіп жатыр. Бұл шара оқушылар арасындағы қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында өтуде. Олар шара аясында төтенше жағдай қаупі төнген кезде қауіпсіздік мәселесіне саналы, жауапты көзқарасты қалыптастыруды үйренеді. Қатысушыларға сәттілік, - деді ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Асар Абзал Зейнұрұлы.
«Құтқарушы болам», «адамдарға көмектесемін» деген айқын мақсатпен додаға қатысып жатырған қатысушылардың бірі - Диляра Русланқызы.
- «Балдаурен» аула клубының атынан келген «Жалын» тобымыз. Біз бүгінгі «Жас құтқарушылар» слетіне жоғарғы дайындықпен келдік. Маған және менің достарыма бүгінгі сайыс ұнады. Өте қызықты болды, - деді жас құтқарушы Диляра Русланқызы.
Слет жеңімпаздары және жүлдегерлері мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды.