Ақтауда «Сауатты жарнама - қала көркі» акциясы өтіп жатыр. Шара Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Акцияға аталған бөлім басшысы және тілдерді дамыту мәселелері жөніндегі қызметкер, Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы қатысты. Шара барысында мамандар қала аумағындағы кәсіпкерлік нысан жарнамаларының, тамақтану орындарындағы ас мәзірлерінің «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заң талаптарына сәйкестігіне зерделеу жұмыстарын жүргізді. Деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бойынша заң талаптарын бұзған меншік иелеріне әдістемелік көмек көрсетілді. Сондай-ақ кәсіп иелеріне ұсыным хаттар берілді.
- Аталған заң талаптарына сай көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мемлекеттік тіл қазақ тілінде жариялануы керек. Ал аудармасы орыс тілінде болу керек. Алайда, кейбір нысан иелері жарнамаларды, баға көрсеткіштерін, ас мәзірлерін тек орыс тілінде ғана жарнамалайды. Дегенмен теңіз жағалауындағы кейбір тамақтану орындары ас мәзірлерін екі немесе үш тілде ұсынып отыр. Бұл 2022 жылдан бастау алған «Сауатты жарнама - қала көркі» акциясының жемісі деп айтуға болады, - деді Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Балғожаева.
Мамандардың айтуынша, аталған зерделеу жұмыстары ай сайын тұрақты түрде жүргізіледі.