Каспий теңізінің жағалауының 30%-ға жақын бөлігі Қазақстанға тиесілі. Екі жарым мың шақырым қашықтыққа созылған жағалау Атырау мен Маңғыстау облыстарын көмкереді: бұл аралықта көптеген елдімекендермен Ақтау, Форт-Шевченко секілді қалалар орналасқан. Алайда Каспий теңізінің соңғы жылдардағы экологиялық ахуалы баршаны алаңдатып отыр. Жыл сайын теңіз деңгейі төмендеп, бірнеше рет итбалықтардың қырылу дерегі тіркелді. Бұл өңірдің ғана емес, теңіз жағалауындағы бес мемлекеттің де ортақ мәселесі деуге болады. «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық экологиялық кеңесінің төрағасы Орынбасар Тоқжанов Каспийдің қазақстандық бөлігінің ғылыми зерттелмеуінен көптеген мәселелердің мәнісі әлі күн анықталмай отырғанын айтады. Mangystaumedia.kz сайтына берген сұхбатында эколог бірқатар жайттарды тілге тиек етті.
- Каспий теңізінде итбалықтардың қырылуы туралы жылда көптеген деректер кездеседі. Кейде 2-3 тушасы табылса, кейбір аумақтардағы өлекселер саны ондап саналады. Алайда оның себебі әркезде әртүрлі айтылып жүр. Каспий теңізінде итбалықтардың ең көп саны қай жылдары тіркелді? Білуімізше, ХХ ғасыр басында көптеп ауланып, кейін азайып кеткен көрінеді...
- Каспий теңізі бұл био ресурстарға бай, осы су қоймасын зерттеу үшін Патша үкіметі 1897 жылы Астрахань қаласында тұңғыш рет ғылыми зерттеу орталығын құрған. Бұл қазіргі мезгілде Каспий балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты деп аталады. Бұл аздық етті де, 1905 жылы орыс-жапон соғысында Ресей империясы жеңіліп жатқанына қарамастан екінші зерттеу орталығын құруға тапсырма берді. Бұл орталыққазір Петербургтегі академик Ширшов атындағы мұхитты зерттеу (океанология) институтының Каспий филиалы деп аталды. Осы екі ғылыми зерттеу орталығы бірден Каспий теңізін зерттеуге кірісті. 1905-1910 жылдары Каспий теңізі туралы өздерінің ғылыми еңбектерін жариялады. Сонда Каспий теңізінде 1,1 миллион итбалық бары айтылған. Бұл неге керек еді? Себебі, итбалықты аулау керек болды. Әсіресе, оның майы сабын өнеркәсібі үшін қажет болды. Терісін киім тігуге пайдаланды. Сонымен қатар, итбалықтың өтінен безгекке (лихорадкаға) қарсы дәрілер жасады. Ал 1980-1985 жылдардағы ғылыми зерттеу жұмыстарының мәліметі бойынша Каспий теңізінде 450 мыңдай итбалық бар деп есептелді.
- ХХ ғасыр басында итбалық қанша мөлшерде аулады? Оның барлығын кәдеге жаратқан ба?
- ХІХ ғасырдан бастап итбалықты аулады деп жоғарыда айттым ғой. Фақтілер тілімен сөйлесек: 1890 жылы 160 мың итбалық ауланған. Патша үкіметінің бұл туралы есебі бар. 1870-1915 жылдардың арасында жылына 115 мың итбалық ауланған. Бұл орта есеппен алғандағы нәтиже. Бір жылдары көп, кейде аз ауланды дегендей. 1915-1920 жылдары итбалық ауланған жоқ. Себебі, басталған бірінші дүниежүзілік соғыс, революция мен азаматтық соғыс итбалық аулауды кідіртті. 1920-1950 жылдар аралығында жылына орта есеппен 104 мың итбалық ауланып отырған екен. 160, 115, 104 мың... Осылай азая берді. Енді итбалықты аулауды Кеңес одағында үлкен кәсіп деп есептеді ғой. Осыған байланысты 1930 жылдары итбалық аулауға қатты көңіл бөлді. Мысалы, 1935 жылы Каспий теңізінен 228 мың итбалық ауланған. Бұл Каспийдегі итбалықты ең көп аулаған жыл болды. Содан кейін азая берді. 1950 жылдары жылына тек 50 мыңдай ғана итбалық ауланып отырды. Ал 1960 жылдары тіпті азайып кеткен. Осыдан кейін итбалықтың күшігін аулау белең алды. Оны белок деп атайды. Ол туған уақытта күшігі аппақ үлпілдеген жүнді болады. Терісі аса бағалы болғандықтан сол күйінде мұз үстінде жатқан жерінде аулау басталды. Ал бірнеше күн өткеннен кейін ол ақ жүні сұрғылт түске өзгереді. Оны сибарь деп атайды. Жылына 50 мыңдай итбалық күшігін аулаған жылдар болды. Бірақ олардың саны 70 жылдарға қарай азайып, мүлдем тиімсіз болып шықты. Қазіргі мезгілде саны өте азайып кетумен байланысты итбалық аулау тоқтатылған. Соңғы жылдары итбалықтың өлімі де көбейіп кетті ғой.
-Тоқсаныншы жылдардың соңында Қазақстан аумағында да итбалықтар көптеп қырылғаны сонша, тіпті төтенше жағдай жарияланған кездер де болыпты...
- Итбалықтың көптеп өлуі ерте кезден бері байқалғанмен, экология туралы ұғым болмағандықтан соңғы 25-30 жылға дейін мән берілмеді. 1997-2001 жылдары арасында итбалық көп қырылған жағдайлар тіркелді. 2000 жылы Әзербайжанда, Ресей мен Қазақстан, Түрікменстанның бергі шекарасына жақын аймақтарда 30 мыңның үстінде итбалықтардың қырылғаны анықталды. Бұны зерттеп қарап, нәтижесінде олар «ит чумасы» ауруынан қырылған деген қорытынды шығарды. Бұл - өте жұқпалы ауру.
- Қазақстандағы санақ туралы айта отырсаңыз. Соңғы 30 жылда қай кездері көбейіп, азайып отырды?
- Итбалық ақпан айында Каспийдің солтүстігінде мұз үстінде туып, айдың соңынан қарай түлей бастайды. Итбалықтар көбею кезінде мұз үстінде шоғырланады. Осыны пайдаланып санау жұмысы жүреді. Соңғы көлемді санау жұмысы, 2005-2012 жылдардың арасында Швеция, Ресей, Әзербайжан, Қазақстан және т.б. бірнеше елдерден халықаралық ғылыми зерттеу тобы құрылып, итбалықты зерттеді. Сол кезде олардың саны мүлдем аз болып шықты. 2012 жылы Каспий теңізінде 100 мыңның үстінде ғана итбалық бары белгілі болды. Мысалы, 1985 жылы 450 мың болса, 2012 жылы 100 мыңның шамасында ғана қалған. Бұл - өте проблемалы мәселе.
Олардың түлеуі көктемге дейін созылып, тіпті жағаға шығып жатады. Міне, осындай кездерде итбалықтың негізгі бөлігі оңтүстікке қарай жайылымға кетеді. Ал оңтүстікте жаз бойы болып, қыста қайтадан теңіздің солтүстігіндегі мұзға келеді. Мұз үстінде балалау процесі жүреді. Түлеу процесі адам жоқ жерде, негізінен құмды жағалауларда болады. Итбалықтар мұндай жерлерде (лежбище) түлеумен қатар, теңізде қоректеніп алған соң тынығып, демалады. 2008 жылы демалыс кезінде Бозащы түбегінің терістік бетіндегі Дурнев аралдарында 30 мың итбалықты санады. Олардың демалуы Құлалы, Құланды аралдарында жалғасады. Сонымен қатар, Кендірліге келіп жатады.
2015 жылы ҚР үкіметі қаржы бөліп, жекеменшік Гидробиология және экология ғылыми зерттеу институты елеулі жұмыс атқарып шықты. Институт 2015 жылы Дурнев аралдарында бірде бір итбалықты кездестірмегенін мәлімдеді. Ұшты-күйлі жоқ болып шықты. Ал Кендірліде 2009 жылы 700 итбалық саналған еді. 2015 жылғы зерттеуде көктем-күз айларында небәрі 210 итбалық саналды. Бұл не деген сөз? Адамдар итбалықтың демалатын жеріне де аяқ басты дегені... Олар - тыныштықты сүйетін теңіз жануары. Адамдар жүретін жерде өмір сүре алмайды.
- Итбалықтарды ешкім ауламаса, неліктен азайып кетті? Өндіріс орындарының әсері бар ма? Олар жобамен отыз жылдай өмір сүреді дейді...
- Итбалықтың өлімі неден болады деген сұрақтың тууы заңды. Олар орта есеппен 30-35 жыл өмір сүреді екен. Мысалы, 1 миллион итбалықтан жылына шамамен 30 мыңдайытабиғи түрде қартайғаннан өліп отырады. Саны 350 мың болғанда 10 мыңдай, 100 мың болғанда 3 мыңдай итбалық өледі. Көп жағдайда теңіздің ішінде өліп, денесі су түбіне шөгеді де, су ішіндегі тіршілік иелеріне жем болады. Бұл – табиғаттың заңы. Кейде денесі жағалауға шығып қалатын жағдай болады. Бұл жануар екі жағдайда ұйықтайды. Біріншісі, судың астына түсіп, 2 сағаттай ұйықтап, қайта су бетіне шығып отырады. Екіншісі, жағалауда, қайраңдарда ұйықтайды. Су астында, ішінде, немесе жағада өлуі мүмкін. Аса көп өліктің бір мезгілде жағалауға шығуы – оларға бір жағдай тікелей әсер еткендіктен болады. Табиғи жағдайда, көп өліктің бір мезгілде шығуы мүмкін емес. Итбалық теңізде негізінен кильки балығымен қоректенеді. Сондай-ақ су түбінде, су түбіне жақынөмір сүретінкішігірім(донный, придонный) балықтарды, криветка, моллюскаларды т.б. жейді. Соңғы жылдары итбалықты аулап жатқан жоқ. Арасында 40-50-і балықшылардың торына түсетін шығар. Бірақ өспеуінің себебін ешкім білмейді. Себебі, Қазақстанда бірде-бір ғылыми зерттеу институты осы кезге дейін құрылмады ғой. Жалпы алғанда Ресейде 6 ғылыми зерттеу институты Каспийді зерттейді. Әзірбайжанда да бірнеше ғылыми зерттеу институты бар. Түрікменстан өткенжылы зерттеу институтын құрды. Қазақстанға тиісті Каспий теңізінің жағалауы бұл 2,5 мың шақырымға жуық немесе бүкіл теңіздің жағалау сызығының 29,5 пайызын құрайды. Яғни, теңіз жағалауының үштен біріндейі Қазақстанға тиесілі. Соған қарамастан осы кезге дейін Қазақстанда бірде бір мемлектеттік ғылыми зерттеу институты құрылмады. Жекеменшік ғылыми зерттеу орталықтары бар. Оларға қаржы берсе, белгілі бір нысанды зерттейді, болмаса – жоқ. Ал бүкіл биологиялық ресурстардың жай-күйін, өсіп-өнуін, азық-түлік қорының жағдайын біліп, оларға жағдай туғызу үшін теңізді тұрақты кешенді зерттеу қажет. Мысалы, теңізде жүрген тірі итбалықтарды ұстап, оларға биологиялық-ветеринарлық зерттеу жүргізіп, ағзасында қандай элементтер жетіспейтінін, немесе артық екенін, не әсер ететінін зерттеп, қайтадан жіберіп отыруы керек. Сондай жағдайда ғана біз итбалықтың немен ауыратынын, неден өлетінін біліп отырамыз.
- Маңғыстау облысындағы итбалықтардың ең көп қырылу кезеңіндегі ахуалды айта аласыз ба?
- 2000 жылы Каспийдің Әзірбайжан, Ресей, Қазақстанға тиесілі солтүстік жағалауында 30 мыңға жуық итбалық өлексесі саналған еді.Көбіне денесі шіріп, өлген уақыты белгісіз болып шығады. Мұндай жағдайда қандай аурудан өлгенін дәл анықтау мүмкін емес. Итбалықтыарнаулы кесте бойынша тірі күйінде теңізден, немесе өздері оқшау жүретін жерден ұстап, зерттеп, содан кейін теңізге қайта жіберіп отыру керек. Сөйтіп, бірнешеуін зерттегеннен кейін ғана оның себебін анықтауға болады. «Мынаның әсерінен мынадай аурумен ауырып жүр, мынадай шара қолдану керек деген шешім тек осылайша қабылданады. Сондықтан да ғылыми зерттеу институты міндетті түрде керек. Мемлекеттік ғылыми зерттеу институты жоқ болғандықтан Қазақстан қазір итбалық, немесе басқа да теңіз жануарлары жөнінде ештеңе айта алмайды.
- Каспийдегі итбалықтардың қазіргі нақты саны қай шамада?
- Әркім әртүрлі айтады. Каспий теңізі бойынша шамамен жүз мыңдай болуы керек. Себебі, біреу 300 мың дейді. Енді бірі 200 мың десе, тағы бірі 100 мың деп жүр. Қалай болғанда да 2012 жылдан кейін толық санақ жүрген жоқ. Осы жылы халықаралық ғылыми зерттеу тобы авиасанақтар нәтижесінде итбалықтар саны 100 мыңдай деген тоқтамға келді.