Жаңаөзен қаласының 55 жылдығына арналған футболдан турнир аяқталды. Жарыс «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылай қолдауымен, сондай-ақ, «Мәңгілік Ел Маңғыстау» жеке қорының ұйымдастыруымен өткізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Аталған турнир жастар үшін де, бүкіл қала халқы үшін де маңызды оқиға болды. 2 тамыздан басталған ойынға 9 күн ішінде қаланың әр түрлі аудандары мен жұмыс топтарының жастарынан құралған 16 команда жиналды. Жобаның жалпы сомасы 4 968 434 теңгені құрады. Сондай-ақ, бұл қайырымдылық бастама спортты насихаттап, сонымен қатар қоғамдық байланыстарды бекітуге және жастардың спорттық мүдделерін дамытуға ықпал етті.
Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласы маслихатының депутаты Асқар Ноғаев турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері бірінші орын үшін 1 000 000 теңгені, екінші орын үшін 750 000 теңгені және үшінші орын үшін 500 000 теңгені, сондай-ақ әрқайсысы 50 000 теңгеден 3 номинацияны қамтитын жүлде қорымен марапатталғанын айтып өтті.
-Тәуелсіздік алған жылдардан бері мұндай ойын Жаңаөзенде алғаш рет өткізіліп отыр. Ал, ойынға жастардың қызығушылығы зор болды. Аудан, қалалардан келген ойыншылар халыққа жоғары дәрежедегі ойын көрсете білді. Үздік деп танылған футболшылар бағалы сыйлықтармен марапатталып, кубок табысталды, - деді Асқар Ноғаев.
Ұйымдастырушылар тобы осы турнирге мүмкіндік берген барлық қатысушыларға, көрермендерге және серіктестерге шын жүректен алғыс білдірді. Бұл іс-шара спортқа деген қызығушылықты дамытып қоймай, өзара ынтымақтастық маңыздылығын көрсете білді. Бұл жоба жастардың рухын биіктетуге маңызды қадам болды, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында жастардың өмір сүру сапасын арттыруға және оң өзгерістерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.