Ақтауда «Біз – күн перзентіміз» атты ІІІ халықаралық балалар шығармашылық фестиваль-байқауы басталды. Жоба «Халықтық орындау» номинациясымен өз шымылдығын ашты. Шара Маңғыстау облысының 50 жылдығы және Ақтау қаласының 60 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Біз – күн перзентіміз» ІІІ халықаралық байқауына Болгария, Өзбекстан, Армения, Қырғызстан және Қытай елінен келген 220 өнерпаз қатысады. Оның ішінде «Халықтық орындау» номинациясына еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 20-дан астам өнерпаз қатысуда. Атап айтқанда, қатысушылар Алматы, Қызылорда, Петропавл және Ақтөбе облысынан келген. Солардың бірі Қызылордадан келген Шыңғыс Алтайұлы жарыста Құрманғазы Сағырбайұлының «Бұлбұл» және Қаршыға Ахмедияровтың «Күткенде» күйін орындады.
-6 жасымнан бастап домбыра тартып, әртүрлі республикалық және халықаралық байқауларға қатысып жүрмін. Бұл фестивальге 3 ай дайындалдым. Жүлделі орын алатыныма сенімдімін. Осы және басқа да номинацияларға қатысып отырған өнерпаздарға сәттілік тілеймін, - деді қызылордалық өнерпаз Шыңғыс Алтайұлы.
«Халықтық орындау» номинациясы бойынша қатысушылардың әрқайсысы екі туынды орындау қажет. Қазылар алқасы әр номинация және жас санаты бойынша өнерпазды 10 балдық жүйе бойынша бағалайды.
-Бұл халықаралық фестиваль өңірімізде үшінші рет өткізіліп жатыр. Бірінші фестивальдің ашылуы 2007 жылы тамызда айында өткізілсе, екіншісі 2010 жылы ұйымдастырылған. Байқаудың басты мақсаты - балалардың өнерге деген қызығушылығын арттыру, өнерпаздар арасындағы достықты нығайту,- деді Ақтау қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Амантай Кумбаев.