Бүгін елімізің барлық мектептерінде бірдей уақытта оқушылардың қатысуымен бес минуттық дене шынықтыру жаттығулары ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға 34 шағын аудандағы №19 мектептің өзінде 1492 оқушы қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Дене сергіту» челленджі Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің «9 ай – 9 іс-шара» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды және салауатты өмір салтын насихаттауға, мектеп оқушыларының күнделікті өміріне дене шынықтырумен айналысуды енгізуге бағытталған.
- Маған челлендж өте ұнады. Сабаққа дейін күш-қуатымызды арттырдық. Меніңше, мұндай бес минуттық кездесулерді күнде ұйымдастыруға болады. Адам жасына қарамастан күн сайын спортпен шұғылданса дені сау болмақ. Балалар, қарттар мен орта жастағылар да сауалатты өмір салтын ұстанған жөн», – дейді 11-сынып оқушысы Жанай Құрманғазы.
Мектеп оқушыларынан бөлек жалпы білім беретін мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының ұстаздары да дене шынықтыру дайындығын көрсете білді.
– Басты мақсат – студенттер арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Челлендж барлық мектеп оқушылары үшін жергілікті уақыт бойынша сағат 11-де сабақ басталар алдында спорт алаңдарында да, сыныптарда да өткізілді. Челлендж барысында балалар мұғалімдердің жетекшілігімен қарапайым дене жаттығуларын жасады. Маңғыстау облысындағы мектептерде мұндай бес минуттық кездесулер сабақ басталар алдында ұйымдастырылады. Бұл оқу үрдісінің сапасына жақсы әсер етіп, тәртіпке септігін тигізеді деп есептеймін», – дейді облыстық білім басқармасының облыстық дене шынықтыру орталығының директоры Әли Қабақов.