Облыс әкімінің телеграм-арнасында қала тұрғыны мектепте берілетін ыстық тамақтың сапасы туралы сауал жолдады. Оның айтуынша, берілетін тамақтың сапасы ата-аналардың көңілінен шықпайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
– Білім бөліміне сұрағым бар! Осы жылдан бастап бастауыш сынып оқушылары толықтай ыстық тағаммен камтамасыз етілді. Алайда тамақтың сапасы ата-ана көңілінен шықпайды, яғни, бала жемейді, қаражат далаға кетеді. Осы мәселе бойынша білім министрі сапаны бақылауға тапсырма берді! Айтыңызшы, осы бағытта қандай жұмыстар жүруде? Ата-аналарға мектеп асханасына кез келген уақытта кіріп, мәзірді тексеруге неге рұқсат берілмейді? Мысалы, менің қызым сабақ басталғалы берілген тамақтарды жеген жоқ. Сонымен қатар түскі мәзірге сүтті ботқа беріледі, бұл қалай?- делінген тұрғынның хабарламасында.
Ақтау қалалық білім бөлімі өкілдерінің айтуынша, әр мектепте осы мәселені бақылайтын құрамында 1 ата-ана бар арнайы брокераждық комиссия құрылмақ.
- Білім беру ұйымдарында биылғы жылы 1-4 сынып оқушылары толық 1 реттік ыстық тамақпен қамтылып отыр. Тамақ сапасы бойынша білім бөлімі жанынан құрылған арнайы сараптамалық топ жұмыс істейді. Сонымен қоса білім бөлімі мамандары оқу жылы басталуына орай барлық мектептерге және асханаларға зерделеу жұмыстарын жүргізді. Әр мектепте құрамында 1 ата-ана бар арнайы брокераждық комиссиясы құрылады. Балаларыңыз оқитын мектеп директорымен байланысып, аталған комиссия құрамына қосылуға болады. Оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселесі білім бөлімінің бақылауында,- деді қалалық білім бөлімінің басшысы Бағдат Сырымқызы.