Ақтауда 17-қыркүйек күні қаланың 60 жылдығына орай қала әкімдігінің ұйымдастыруымен алғаш рет «Aktau Mobilography Fest» атты мобилографтардың фестивалі өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мобилография фестивалі жаңа шығармашылық мамандықтарды насихаттауға және Маңғыстаудың туристік брендін дамытуға бағытталған.
Фестиваль мақсаты – смартфонның объективі арқылы Маңғыстау мен Ақтаудың туристік әлеуетін көрсету, сонымен қатар Ақтау қаласының шығармашылық индустриясын дамытуға қолдау көрсету, жаңадан бастаған және кәсіби мобилографтарды қолдау.
-Өңір жастарына арналған фестивальде еліміздің үздік мобилографтарының шеберлік сыныбына қатысуға мүмкіндік беріледі. Қаланың мерейтойын тойлау аясында біз жастарымызға жаңа заманауи трендтерді ұсына алатынымызға қуаныштымыз. Бұл фестивальдің арқасында одан да қолжетімді болады, деді Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Балғожаева.
Байқауға қатысушылар Ақтау қаласы, туризм және Каспий теңізі туралы алдын ала белгіленген тақырыптарда шығармашылық бейнероликтер ұсынады. Дайын бейнероликтерді Қыран Талапбек бастаған комиссия мүшелері қарап, бағасын береді. «Aktau Mobilography Fest» шарасының арнайы қонақтары – Қыран Талапбек, Елдос Қадірханов, Артур Давлетяров, Айдархан Бейсенбаев, Өмірәлі Әбуәлі, Дәстүр Жеңіс.
Фестиваль жеңімпаздарына ұйымдастырушылар арнайы сыйлықтарды дайындаған:
Бас жүлде - Apple 14 Pro Max;
1-орын - Apple 14 Pro;
2-орын - Apple 13 Pro;
3-орын - Apple watch;
4-9-орын – mobilоgraphy box max;.
10-14-орын – mobilоgraphy box;
15-19-орын – мобилография курсы
Айта кетейік, аталған шара 15 шағын аудандағы «Амфитеатр» алаңында сағат 19:00-де өткізіледі. Кіру тегін.