Президент Жолдауын өз басым күттім. Өйткені саяси реформалар қарқынды жүруде, бірақ экономикада ілгерлеу баяу. Елдің де айтып жүрген сұрағы «ескі экономикалық қарым-қатынастан қашан құтылып, жаңа Қазақстан игіліктерін қашан көреміз?
Жолдауды көпшілік күткен де, көрген де болар?! Жалпы Жолдау: Біріншіден, суы аз, түйірі көп нақты ұсыныстар мен тапсырмаларды қамтыған. Екіншіден, қазақта «Ірі тура» деген сөз бар. Экономикамыздың самғауына ірге тас (фундамент) бола алатындай ауқымды бірнеше міндеттер жарияланды. Енді өзімнің көңілімнен шыққан, Қасым-Жомарт Кемелұлының бірнеше өте маңызды ой-пікірін сараласам.
1. ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ
Елдің экономикасының дамуына серпін беретін индустриялық прогресс, оның ішінде өңдеу өнеркәсібін қолға алу. Шикізатқа тәуелділік осы күнге дейін экономикаға тежеу болып келді. Енді мұнай-газ, уран, металлургия, машина жасау, тыңайтқыш өндіру және сирек кездесетін қатты қазба байлықтарды терең өңдеу қолға алынбақ.
Қорғаныс өнеркәсібін импортқа тәуелді қылмай жан-жақты дамыту.
Сонымен қатар агроөнеркәсіпте ет, сүт, астық өнімдерін өңдеуді 75% жеткізу. Суды аз тұтынатын дақылдарды егу.
2. ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОРҒАУ
Ішкі нарықта протекционизмді іске асырып, өзімізден өндірілген тауарларды қорғау, қазақстандық мазмұнды 60%-ға жеткізу. Бұл жаңа жұмыс орындары, инновациялық технологияларды тарту, салық базасының артуы, импортқа тәуелділікті азайтып, теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету, білікті мамандардың нарықта артуы сияқты мультипликативті әсер береді. Салық бойынша есеп беруді 30% азайту. Бюджетке төленетін салықтар мен төлемдердің түрлерінің санын 20%-ға азайту. Салықты әкімшіліктендіруді цифрлау.
3. САТЫП АЛУДЫ ОҢТАЙЛАСТЫРУ
Тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу процесін оңайлату. Құрлысты толық аяқтап «кілтімен беру» моделіне көшіру. Демпингке тосқауыл қою. Ашықтықты қамтамасыз ету. Бұл түптеп келгенде жемқорлықты азайтудың жолы.
4. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК
Ірі компанияларда, әсіресе тау-кен саласында еңбек және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, технологиялар жаңалануы қажет. Ол үшін 5 жыл сайын экологиялық және технологиялық аудит жүргізілетін болады. Сонымен қатар ел ішінде дау туғызып жүрген АЭС салу мәселесі болашақта жалпыұлттық референдумға шығарылатын болады. Өте әділ шешім. Өйткені бүкіл халықты толғандыратын сұрақты халықтың өзі шешкені дұрыс және бұл – Конституциялық реформада айтылған мемлекет мәселесіне тұрғындардың белсенді араластырудың нақты көрінісі.
5. ЭНЕРГЕТИКА
«Жасыл энергетикаға» басымдық беру. Көрші елдердің электрэнергиясына тәуелділікті болдырмау үшін өзіміздің генерацияны күшейту. Монополистердің жауапкершілігін арттыру. «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» кен орнында жұмыс жасап жатырған шетел компанияларының өндіретін газдарын қолжетімді бағамен ішкі нарыққа бағыттау. Бұл да Қазақстанның энергоресурстарға тәуелділігін жояды және энергетика саласында тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
6. ЖАҢА МИНИСТРЛІКТЕР ҚҰРУ
Президент Жолдауындағы ең сүбелі шешім су ресурстары және ирригация мен көлік министрліктерін құру болды. Екі саланы өз алдына отауын бөлек шығару көптен күн тәртібінде тұрған мәселе еді. Өйткені су дефициті қазір де байқала бастады, ал көлік-логистикалық әлеуметіміз өте жоғары. Қиындықты жеңіп, мүмкіндікті пайдалануымыз қажет.
7. БАНКТЕР МӘСЕЛЕСІ
Екінші деңгейдегі банктер тұтынушы несиелерді халыққа таратып қойып, бас қатырмай «май жіліктің» қожайындары болып алған. Бәсекелестік жоқтың қасы. Сондықтан мықты шетелдік үш банк ішкі нарығымызға тартылады. Бір банк Ислам қағидаттарын ұстанатын банк болса тіпті жақсы болар еді. Банктердің таза табыстары мемлекеттің мүддесіне сай қайта бөліну қажет. Екінші деңгейдегі банктерде бұғатталып қозғалыссыз тұрған 2,3 трлн. актив экономикаға жұмыс жасайтын болады.
Жалпы екінші деңгейдегі банктер басым бағытты кәсіпкерлікті несиелендіруге бағыттайды. Жалпы Жолдау экономикалық реформаларды қарқынды жүргізуге мүмкіндік беретін маңызды құжат болды. Әңгімеден іске көшетін уақыт келді!
Өйткені қазіргі таңда Еуропа елдеріне қарағанда Оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттері: Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Қытай, Малайзия, Вьетнам қарқынды дамып бара жатыр. Мықты мемлекет боламыз десек, біз де осы көштен қалмауымыз керек. Бүгінгі Президенттің «Экономиканы батыл жүргізу қажет» дегені тегін емес. Айтылған ұсыныстар мен алға қойылған міндеттерді ел болып қолдап, билік пен бизнес күні-түні аянбай қызмет етсе, жоғарыда аталған мемлекеттер қатарынан орын алуға әбден мүмкіндік бар. Үкіметке де, министрлерге де, әкімдерге де дербес, жауапкершілікпен жұмыс жасауға мүмкіндіктер беріліп отыр. «Алынбайтын қамал жоқ» деп бабаларымыз айтқандай, қолыңнан келгенін адал, таза жаса. Бәрі өзімізге байланысты. Олай болса, іске сәт, ағайын!
Еділ ЖАҢБЫРШИН,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.