© Сайт архивінен
Қала әкімінің тұрғындарға есеп беру кездесуінде түрлі тақырыптар талқыланды. Әсіресе, балалар ойын алаңы мен қоғамдық көлікке қатысты шағымдар жиі айтылды. Кездесуге келген 31б ш/а тұрғынының айтуынша, үй алдына орнатылған балалар ойын алаңы толықтай аяқталмаған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- 31б ш/а 16,17,18 үй тұрғындарының атынан келіп тұрмын. Біз үйімізге былтыр көшіп бардық. Осы үш үйде 400 пәтер бар. Көпшілігі – көпбалалы және мен мүгедек баласы бар жанұялар. Біз осы үйге қоныстанғанда бұл жерде ойын алаңы деп атауға келмейтін ескі темірлер мен шаңытып жатқан құм ғана болды. Сол себепті әкімдікке бірнеше рет өтініш жасап, ойын алаңын сұраған едік. Қуанышымызға орай жақында ауламыздағы балалар ойын алаңы жаңартылады деді. Дегенмен қуаныш ұзаққа созылмады. Ойын алаңының жартысын ғана жасап, кетіп қалды. Қорғаныс қабаты төселмей, ойын алаңы толық аяқталмай жатқан соң облыс әкімінің телеграм арнасына жаздым. 10 күннен кейін жұмысшылар келіп, жұмсақ қабат төсеп кетті. Бірақ тағы да жартылай ғана. Оның үстіне балалар ойын алаңының қақ ортасында кәріз құдығы тұр. Ол былтыр 2 рет жарылды. Егер сол жерден тағы да ақау табылса өзі жартылай балалар ойын алыңы болып тұрған жердің жағдайын елестету де қиын. Ойын алаңы толық аяқтала ма екен? Осыған кім жауап бермек? Телеграмға жазсам ТҮКШ мамандары алаң салуға есептелген қаражат қоры бітті деп құтылады, -деді тұрғын.
Әкімдіктегілердің айтуынша, биыл қалада тұрғындардың өтініші негізінде жасалған тізім бойынша 10 жаңа ойын алаңы жасалған.
- Биыл 10 ойын алаңы орнаттық. Кезең-кезеңімен жыл сайын тиісті жұмыстарды атқарып келеміз. Келер жылы орнатылатын балалар ойын алаңының санын 10-нан көбейту жоспарлануда. Ал сіз айтқан ойын алаңын барып, тексеріс жұмыстарын жүргіземіз. Егер істелуі тиіс жұмыстар құзіретімізге кірсе – жасап береміз, ал олай болмаған жағдайда бюджеттен қаражат бөлуге өтініш беріп, күту қажет болады,- деп жауап берді қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Жанболат Жақыпов.