Ақтауда Адай жылқыларын асыл тұқымды мал ретінде сынақтан өткізуге байланысты мәселе талқыланды. Кездесудің маңызды нәтижесінің бірі – 2023 жылдың қазан айына жоспарланған адай жылқыларының төзімділігі мен жылдамдығын көрсету үшін ұйымластырылатын халықаралық ат марафонының егжей-тегжейін талқылау болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға "Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты" ЖШС басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Айбын Төреханов, Бүкілресейлік жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Александр Зайцев, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің жылқы шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Дәурен Сыдықов, өңір басшысының орынбасарлары, сондай-ақ Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Тәшімов пен облыстық спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев қатысты.
Жиында Адай жылқы тұқымын сынақтан өткізуді дайындау бойынша атқарылған жұмыстар айтылды. Комиссия “Адай жылқыларының популяциясының генетикалық құрылымын қазіргі заманғы генотиптеу технологияларын пайдалана отырып анықтау, жаңа желілерді, типтер мен тұқымдарды қалыптастыру және сынақтан өткізу" жобасын мақұлдады.
Сондай-ақ, Бүкілресейлік жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен Адай жылқыларына STR әдісімен молекулалық-генетикалық талдау жүргізу туралы келісім жасалды.
Кездесуде адай жылқыларының төзімділігі мен жылдамдығын көрсету мақсатында Маңғыстауда 100 шақырымдық ат марафонын ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Халықаралық жарыс ағымдағы жылдың қазан айында өтеді деп жоспарланып отыр. Оған аталған тұқым жылқыларының қабілетін бағалау үшін халықаралық Ат спорты федерациясының (International Federation for Equestrian Sports) төрешілері қатысады.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Адай жылқылары Маңғыстаудың бірегей байлығы ретінде, қазақ мәдениеті мен тарихында ерекше орын алатынын айтып, оны сақтау және одан әрі таныту үшін әрдайым қолдау білдіретінін жеткізді.
- Жылқылар біздің халқымыздың мәдениетінде әрқашан маңызды рөл атқарды. Адай арғымақтары-шөл жағдайында да алыс жолдарға жүре алатын ерекше тіршілік иелері. Олар ұзақ қашықтықтағы халықаралық марафондарға қатысып қана қоймай, керемет нәтижелер көрсетіп жүр. Өткен жылы біздің Адай жылқыларына мінген шабандоздарымыз "Ұлы Дала Жорығы" республикалық марафонында бірінші орынды иеленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Адай жылқы тұқымын Маңғыстаудың бірегей қазынасы деп танып, бұл тұқымды әлемге таныту, тағы бір тамаша жетістік болатынын атап өтті. Біз әрқашан Адай жылқыларының тұқымын асыл тұқымды мал ретінде сынақтан өткізуге қолдау көрсетуге дайынбыз, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.