Ақтауда жексенбіде магистральдық жылу құбырында ақау шығып, қала тұрғындары жылудан ажыратылған еді. Мамандар жөндеу жұмыстарын жүргізсе де көппәтерлі үйлер әлі де жылусыз отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтаудағы бірнеше шағын ауданды жылумен қамтитын магистральдық жылу құбырында жөндеу жұмыстарын «Каспий жылу, су арнасы» МКК мамандары жүргізді.
Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев хабарлағандай, коммуналдық сала мамандары 800 диаметрлік 9 метр құбырды ауыстырды.
Осыған дейін құбырды сумен толтыру жұмыстары басталып, ПИК(пәтер иелерінің кооперативі), МИБ(мүлік иелерінің бірлестігі) мекемелері тұрғын үйлердің жертөлесіндегі жылу тораптарын тексеретіні айтылған еді. Содан соң ысырмалар(задвижка) ашылып, жылу қысымын көтерілуі тиіс болған. Алайда тұрғындар уәде етілген жылуды әлі көрген жоқ.
Облыс әкімінің телеграм арнасында қала тұрғындары өз наразылықтарын қалдыруда:
- Үйдің іші боран, тіпті дала жылы ғой. Қашан жылу болады?
- Жылу берілді депсіздер. Қайсы? Қайдағы жылу? Өлместің күнін кешіп, түннен әрең шықтық.
- Жылу берілген үйлер бар ма? Қар, жаңбыр жауғанда неге апат бола қалады? Осыған дейін реттеуге болмас па еді? Тоңдық қой!
Бұл мәселеге қатысты "МАЭК" ЖШС өкілдері жауап берді.
- "МАЭК" ЖШС тарапынан жылу беру маусымы басталғалы ыстық су мен жылуға қатысты ешқандай шектеу болған емес,- делінген мекеме хабарламасында.
Қазір mangystaumedia.kz сайтының редакциясы аталған мәселеге байланысты "КЖСА" МКК жауабын күтуде.