Ақтау әкімдігінде қала әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен тазалық мәселесіне қатысты кәсіпкерлермен жиналыс өтті. Қала басшысы кәсіпкерлерді өз нысандарының іргелес аумақтарын таза ұстауға шақырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, қала әкімдігінің бөлім басшылары, қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, қаладағы сауда орталықтары мен сауда желілерінің басшылары қатысты. Жиын барысында қала әкімі кәсіп иелеріне өз нысандарының аумағында тазалықты қамтамасыз етіп, қоқыстың уақытылы шығарылуын қадағалауды сұрады.
- Ақтау - 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы болады. Осыған орай қаланың туристік әлеуетін арттыру мақсатында әртүрлі шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Тұрғындар мен қонақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында кәсіпкерлік нысан маңындағы тазалықты қамтамасыз ету қажет. Қоқыстың уақытылы шығарылуын да қадағалаған жөн. Кәсіпкерлік нысанның аумағында жарықтандыру, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу қажет. Осы арқылы қала дамуына үлес қосумен қатар, сіздердің кәсіпкерлік нысандарыңызға келетін жандарға қолайлы орта қалыптастырасыздар. Сондай-ақ, өз кәсіпкерлік нысаныңызды жаңарту немесе дамыту бойынша ұсыныстарыңызды жауапты бөлімге жолдауларыңызды сұраймын, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Жиынға қатысқан кәсіпкерлер аталған бастаманы қолдап, кәсіпкерлік нысандарында тазалық жұмыстарын жүргізетіндіктерін жеткізді.
- Тазалық өзімізден басталады. Қаладағы тазалық мәдениетінің қалыптасуына атсалысамыз. Кәсіпкерлік нысандарымызда тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Жалпы тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізуді қолдаймыз, - деді «Анвар гипермаркеті» желісінің өңірлік басшысы Болат Истемиров.
Сонымен қатар, жиын барысында «Бәйтерек» сауда орталығының директоры Нұрым Қожабеков сауда орталығында жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтты.
- Ақтау - туристік қала. Шаһардың туристік әлеуетін дамытуға біз де кәсіпкер ретінде үлес қосқымыз келеді. Осы бағытта «Бәйтерек» сауда орталығын толықтай жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Нысанның сыртын жаңарту бойынша жобаны Қайрат Бозекеев деген жобалаушы маман жасады. Бұл жұмыстар қаланың келбетіне ерекше сән береді деп ойлаймын. Сауда орталығының кинотеатр бөлігін жаңарту жұмыстары және үшінші қабатында балаларға арналған ойын-сауық, активити орталықтың құрылысы жүруде. Бұл жұмыстарды тамыз айының соңына қарай толығымен аяқтау жоспарланып отыр, - деді «Бәйтерек» сауда орталығының директоры Нұрым Қожабеков.