«Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы аясында Маңғыстау облысында да үш ауылға 100 кітап табысталған еді. Төртінші болып бұл акция Жанаөзендегі «Орталық қалалық кітапхана» мемлекеттік мекемесіне карасты Кендірлі ауылында орналасқан Nº5 ауылдық кітапханасында өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шараға Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапхансының басшысы Зауре Айтуарова, кітапхана әдіскері Нұргүл Еңсегенова, кітапхана қызметкерлері, Жаңаөзен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлайым Азан, Кендірлі ауылының құрметті ақсақалы Ходжабай Есимов сөз сөйлеп, және ауыл әкімінің орынбасары, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Игі бастама арқасында кітапхана әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармалары, балаларға арналған түрлі жанрдағы туындылармен толыққан.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам - Адал еңбек - Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Кітапхана - мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сакталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек», - деген болатын.
Осыған орай «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы басталды. Бастама мақсаты- шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа кітаптарды жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.