Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қабылдауға қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Тілеп Баймағамбетов, қалалық мәслихат төрағасы Сембіғали Зәкенов және жауапты бөлім басшылары қатысты. Тұрғындар шаһар басшысына тұрғын үй кезегі, жұмыссыздық, әлеуметтік көмек, жер, коммуналдық мәселе және өзге де жеке мәселелері бойынша жүгінді. Қабылдауға келген тұрғынның бірі қала басшысына тұрғын үй мәселесін айтты. Тұрғын үй кезегіне ол 2021 жылы тіркелген екен. Қала әкімі жауапты бөлімге аталған мәселені бақылауға алуды тапсырды.
- Тұрғын үй кезек бойынша беріледі. Кезегіңізді «kezekte.kz» сайты арқылы тексере аласыз. Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміне аталған мәселені бақылауға алуды тапсырамын. Тұрғындардың сұрағы назардан тыс қалмауы керек, - деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Айдар Бисенов тұрғын үй кезегі туралы айтты.
- Жеке қабылдауға келген адам үй алу кезегіне қала әкімдігінің жанындағы коммуналдық тұрғын үй қорынан көп балалы отбасы санаты бойынша тіркелген. Одан бөлек, жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азамат тұрғын үйді несие түрінде «Отбасы» банк арқылы 5 пайызбен алуына болады, - деді Айдар Бисенов.
Тұрғындарды қабылдау барысында қала басшысы жауапты бөлім басшыларына тұрғындардың мәселелерін шешу бойынша нақты тапсырмалар берді.