Маңғыстау облысының әкімдігінің телеграм арнасына өтінішін жолдаған ата-ана балабақшаларда көпбалалы отбасының балаларына қандай жеңілдіктер қарастырылатынын сұрады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық білім басқармасы мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленушілердің мынадай санаттарына тегін тамақтандыру ұйымдастырылатынын айтты.
Олар:
1) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
2) даму мүмкіндіктері шектеулі балалар, мүгедектігі бар адамдарға және бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балалар;
3) атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар;
4) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар.
«Тегін тамақпен қамту үшін ата-аналар көрсетілген санаттарды растайтын құжаттарды балабақша әкімшілігіне тапсыруы қажет», - деді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.