Ақтауда «Халық Арена» спорт кешенінде балалар, жасөспірімдер және жастар арасында ушудан Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған жарыста Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Жетісу, Қарағанды, Маңғыстау облыстарынан 400-ге жуық жас спортшылар сынға түсті.
Маңғыстау облысының ушу федерациясынан өңір намысын 77 спортшысы қорғап, облыс қоржынына 91 медаль салды. Оның ішінде 50 спортшы жеңімпаз атанса, 21-і күміспен күптелді. Сонымен бірге, 20 спортшы қола жүлдені қанағат тұтты.
Чемпионат нәтижесі бойынша командалық есепте Ақтөбе облысы 3 орын, Алматы облысы 2 орын және Маңғыстау командасы көш бастады.
Ушу таолу спорт түрінен МО аға жаттықтырушысы Наталья Никонованың айтуынша, жарыс жеңімпаздары ушудан тамыз айында Қытайдың Макоа қаласында жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына және дәстүрлі ушудан аспан асты елінің Эмейшань қаласында өтетін әлем чемпионатына ел намысын қорғайтын болады.