Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев 25 қазан – Республика күніне орай қалалық мәслихат депутаттарын мерекелік медальмен марапаттады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Республика күні қарсаңында қалалық мәслихат депутаттарына Ақтаудың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін мерекелік медаль табысталды. Іс-шарада қала әкімі мәслихат депутаттарын облыстың және қаланың мерейтойымен құттықтады.
- Облыстың 50 және қаланың 60 жылдығы құтты болсын! Депуттар –бұл әкімдік пен халық арасындағы алтын көпір деп есептеймін. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бұл біздің және халық қалаулылары, яғни, сіздермен бірлесе атқаратын жұмысымыз. Халық игілігі үшін атқарып жүрген еңбектеріңіз жемісті болсын. Сіздерге алғыс айтамын, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Өз кезегінде депутаттар да қаланың 60 жылдығымен құттықтап, ел болашағы үшін аянбай еңбектенетіндерін жеткізді.
- Ақтау қаласының 60 жылдығы құтты болсын! Қаламызды дамыту жолында игі бастамаларға қала әкімдігімен бірлесіп атсалыса береміз. Мемлекетіміз, облысымыз, ақмаржан қаламыз дамып, өркендей берсін. Мереке құтты болсын! - деді қалалық мәслихат депутаты, «Жас батыр» мамандандырылған спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов.
#republicday