Қыркүйек айында 800 маңғыстаулық азамат Президенттік жастар кадрлық резервіне түсуге өтініш берген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Дегенмен оның 180-ге жуығы ғана тестілеуден сәтті өткен. Бүгін құзыреттерді бағалау кезеңі аяқталып, оған облыстан үш тұрғын жолдама алды.
– Президенттік кадрлық жастар резервіне қатысу үшін мен инвестиция және сыртқы байланыс бағытын таңдадым. Өйткені менің Ақтаудағы 3 инвестициялық жобада: 3ш/а-дағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы мен ангиография құрылысы және компанияның кірісін арттыру мен шығындарды оңтайландыруда тәжірибем бар. Мемлекеттік қызметші халыққа жақын болуы қажет. Расында да, көп жағдайда мемлекеттік қызметкерлер мен тұрғындар арасында тосқауылдар мен түсініспеушіліктер туындап жатады. Менің ойымша, халық үшін қызмет ететін жанның имиджін қалыптастыруда тәрбиелік жұмыстар жүргізілуі керек,- деді Президенттік жастар кадрлық резервіне үміткер Арай Есейқызы.
Айта кетейік, іріктеу биылғы жылдың желтоқсан айына дейін жалғаспақ. Соңғы қадам – кандидаттардың Ұлттық комиссия отырысында қаралуы.